Қоғам

9 мамыр: Алматыда Жеңістің 78 жылдығы тойланып жатыр

Алматыда Жеңіс күні мерекесі сән-салтанатымен тойланып жатыр, деп ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

Мереке дәстүр бойынша 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары соғыс майданынан оралмаған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сондай-ақ осы саябақта қазақстандық заманауи әскери техника мен қару-жарақтың көрмесі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әскери-далалық ас мәзірімен мерекелік түскі ас беріліп, концерт өтті. Қазақстандық әртістер майдан даласындағы әндері орындады.

Бұған қоса, Алматыда Б.Момышұлы монументіне, Т.Бигелдинов, Р.Қошқарбаев мемориалдық тақтасына, Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова, С.Нұрмағамбетов ескерткіштеріне, С.Луганскийдің бюстіне, «Отан ұлдарына мәңгілік естелік» және «Отан үшін шайқаста қаза тапқандарға мәңгілік даңқ» мемориалдарына гүл шоқтары қойылды.

Жеңіс күнін мерекелеу Ш. Уәлиханов атындағы скверде және Жібек Жолы-Панфилов көшелерінің қиылысында да өтті. Концертте «Алматы әуендері» әртістері, Абай атындағы ҚҰОБТ солистері және басқа да музыкалық ұжымдар өнер көрсетті.

Айта кетейік, Алматыда мерекелік іс-шаралар қаланың басқа аудандарында да өтіп жатыр.

Соғыс жылдары майданға 1,3 млн қазақстандық шақырылды. Қазақстанның 100 мыңнан астам сарбазы жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазір Алматыда 56 ардагер тұрады.

TuraNews

Back to top button