2025 жылы отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесі 50% жетеді
2025-ші жылға қарай Қазақстанда жасалатын медициналық препараттардың үлесін 50% жеткізу көзделіп отыр. Яғни тегін қамтылатын дәрі-дәрмектің тең жартысы өзімізде өндірілуі тиіс. Бұл жөнінде арнайы баспасөз маслихатында айтылды. Сала мамандарының дерегінше, қазір бұл көрсеткіш 22% құрайды. Отандық фармацевтиканы дамыту қамында жергілікті өндірушілермен 10 жылға дейін бекітілетін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалмақ. Маман тапшылығын шешу және ғылымды дамытуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған. Дәрі-дәрмек шығаратын әлемдік «Топ-50» компанияларының өндірісін ел аумағында шоғырландыру жоспарланған. Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры: – Ол біздің мамандарға, зауыттарға жаңа технологияны трансферттеуге мүмкіндік береді және жаңа құрал-жабдықтарды алып келуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қажетті инновациялық түпнұсқа дәрі-дәрмек түрлерін өзімізде шығаруға мүмкіндік береді. Осы бойынша қазіргі таңда бірнеше компаниялармен біз келіссөздер жүргіздік. Өзара арнайы бекітілген меморандумдарымыз бар.