Қоғам

Заң мен тәртіп: Қызылордалық полицейлер жастармен маңызды мәселелерді талқылады

Қай қоғамның да кемел келешегі – саналы ұрпақтың тәрбиесі мен қоғамдық тәртіптің салтанат құруына тікелей байланысты. Ал қауіпсіз қоғам қалыптастыру – бір күндік науқан емес, барша азаматқа жүктелген ортақ міндет. Осы мақсатта «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құзыреттілік орталығында» 500 – ге жуық студенттің қатысуымен еркін форматта кездесу өтті.

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруды, олардың бойында заңға деген құрмет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздеген маңызды жиынға Қызылорда қаласы Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Беркімбаев Дәулет Сүлейменұлы, Қызылорда облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Ерубай Асхат және қалалық қоғамдық даму бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жорабек Медет Ерданаұлы қатысты.

Жиында құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар арасындағы буллинг пен әлімжеттік, топтық төбелес, есірткі мен зиянды әдеттердің зардабы, интернет алаяқтық және діни сауаттылық мәселелері сөз болды. Мамандар заңға құрметпен қарау, құқықтық жауапкершілікті сезіну, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және жат идеологияның ықпалынан сақтану жөнінде түсіндірді. Сондай-ақ жастарға өзара сыйластықты сақтау, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, салауатты өмір салтын ұстану және ұлттық құндылықтарды құрметтеудің маңыздылығы айтылды. Кездесу соңында студенттер өз сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауап алды.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасып, студенттер өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Мамандар тарапынан берілген жауаптар мен өмірлік мысалдар жастарға ой салып, заң мен тәртіптің күнделікті өмірдегі маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Жалпы, бұл кездесудің түпкі мәні – жастарға заң талаптарын түсіндірумен ғана шектелмей, олардың бойында жауапкершілік, ізгілік, өзара құрмет және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Себебі тәртіпке бағынған елдің тұғыры биік, заңын құрметтеген қоғамның болашағы кемел.

TuraNews

Back to top button