Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Қазақстанда күн энергетикасының қуаты кезең-кезеңімен артып келеді. Бүгінде еліміздегі жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы белгіленген қуаты 3,7 ГВт-ты құрайды. Оның ішінде күн электр станцияларының үлесі – 1,3 ГВт.
Биылғы тоғыз айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірді. Оның 1,9 млрд кВт·сағаты күн электр станцияларына тиесілі.
2026 жылы 245 МВт болатын 10 ЖЭК нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 212 МВт болатын 7 нысан іске қосылды. Оның ішінде 62,6 МВт болатын үш күн электр станциясы бар:
* Маңғыстау облысындағы қуаты 20 МВт «Stellar Energy» ЖШС;
* Қостанай облысындағы қуаты 22,6 МВт «Altyn Solar Energy» ЖШС;
* Жетісу облысындағы қуаты 20 МВт «Jetisu Terra Power» ЖШС.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қызылорда облысында жалпы қуаты 30 МВт болатын «Альхена» ЖШС-нің екі күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жалпы қуаты 900 МВт болатын күн энергетикасы саласындағы перспективалы жобалар портфелі қалыптастырылуда. Жалпы, 2035 жылдың соңына дейін кемінде 8,4 ГВт жаңа ЖЭК қуаттарын, оның ішінде шамамен 1,8 ГВт күн генерациясын іске қосу жоспарланған.
Ірі перспективалы жобалардың қатарында China Energy компаниясының қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу жобасы, сондай-ақ Tumar Commerce компаниясының жиынтық қуаты 1 ГВт-қа дейінгі жобалары бар.



