Қызылорда облысы мен қытайлық компаниялар арасында үш келісім жасалды
Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Алматы қаласында өтіп жатқан «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев онлайн форматта қосылды.
Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі. Өңірдің сыртқы сауда айналымының 60 пайызы Қытайға тиесілі. Өткен жылдың қорытындысымен екі ел арасындағы тауар айналымы 403 млн АҚШ долларына жетті.
Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде 124,3 млрд теңгенің үш өндіріс орны іске қосылды. Олар – жылына 1 млн тонна цемент өндіретін «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты, қуаттылығы 197 мың тонна «Орда Гласс» шыны зауыты және қуаты 40 МВт күн электр станциясы. Нәтижесінде 658 жұмыс орны құрылды.
Қазір 210 млрд теңгенің бес жобасы іске асырылуда. Олардың қатарында «Бурабай-Жалғызағаш» және «Талап» кен орындарында тау-кен байыту комбинаттарын салу, өрт сөндіргіштер өндірісін жолға қою, табиғи газды сұйылту, мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ тамшылатып суару қондырғыларын шығару жобалары бар. Іске қосылғаннан кейін 815 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, мұнай саласы, құрылыс индустриясы және ауыл шаруашылығы бағыттарында алты жобаны орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, трансформатор зауыты мен мұнай бұрғылау қондырғыларын өндіру жобалары.
Форум аясында Қызылорда облысы әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасында үш келісімге қол қойылды. «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында өрт сөндіргіштер өндірісін іске қосу, Жаңақорған ауданында «Талап» тау-кен байыту комбинатын салу және мұнай бұрғылау жабдықтарын өндіру жобаларын жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды. Жаңа жобалардың екеуі Үкіметтің тікелей қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағына орналасады.
Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі және көлік-логистика салаларындағы инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.


