ӘлемБастыСаясат
Trending

Түркия Президенті: Түркі мемлекеттері ұйымы өңірлік ынтымақтастықтың озық үлгісіне айналып келеді

Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) жыл сайын өз позицияларын нығайтып, аймақтық ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Түркия басшысы ТМҰ-ның дамуына ерекше тоқталып, бұл бірлестіктің өңір елдерінің ортақ мүдделер төңірегінде қалай ынтымақтаса алатынын көрсететін үлгілі модельге айналып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта маңызды кезеңдер күтіп тұр. Атап айтқанда, 30 қазанда Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері лидерлерінің саммиті ұйымның дамуына жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар ашады.

Өз сөзінде Ердоған халықаралық және өңірлік түйінді мәселелерді көршілес мемлекеттер арасындағы өзара серіктестік арқылы шешу қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін айтып, шешуші шешімдер бес тұрақты мүшеге тәуелді болатын қазіргі жүйенің өзгеруі тиіс екенін мәлімдеді.

Жиында Оңтүстік Кавказ мәселесі де көтеріліп, Түркия Әзербайжан мен Армения арасында тұрақты бей орнатуды қолдайтыны және тараптардың реттеуге деген дайындығын оң бағалайтыны айтылды. Сондай-ақ Украинадағы жағдайға қатысты Анкара елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтай отырып, соғысты аяқтауды жақтайтыны жеткізілді.

Айта кетейік, Ердоғанның БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөзінің айтарлықтай бөлігі Газадағы жағдайға арналды. Ол әскери әрекеттерді тоқтатып, секторын қалпына келтіруді және Шығыс Иерусалим астанасы болып табылатын 1967 жылғы шекара шеңберінде тәуелсіз Палестина мемлекетін құру талабын қайта атап өтті.

TuraNews

Back to top button