Астанада Түркі әлемінің дизайн жобалары бақ сынады: «Анкара лебі» байқауы қорытындыланды
Елордада түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын заманауи дизайнмен ұштастырған маңызды іс-шара өтті.
Астанадағы Юнус Эмре Түрік мәдениет орталығы мен Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Анкара лебі: Түркі әлемінің 2026 жылғы туризм астанасы» атты шығармашылық байқаудың қорытынды бағдарламасы 2026 жылғы 26 маусымда өз мәресіне жетті.
Графикалық дизайн және сәулеттік дизайн мамандықтарының студенттері қатысқан аталмыш додада Анкара қаласының тарихи-мәдени мұрасы мен түркі әлемінің ортақ құндылықтарын заманауи дизайн шешімдерімен сабақтастырған бірегей жобалар қазылар алқасының назарына ұсынылды. Студенттердің шығармашылық ізденісі мен жаңашыл көзқарасын айқындаған туындылар қатысушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Юнус Эмре мәдениет орталығында ұйымдастырылған шараға дипломатиялық миссия, бизнес саласы мен академиялық орта өкілдері қатысты. Іс-шараға Түркия Республикасының Астанадағы Елшілігінің Мәдениет және таныту жөніндегі кеңесшісі Зүлфи Томан, Түркия Елшілігінің Баспасөз және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Хасан Күчүккандемир, AYDA фирмасының өкілі Месут Зафер Сары, Түркияның Астанадағы Елшілігінің консулы Еркін Семих Өзтүрк, Turkish Airlines компаниясының өкілі Жансая Өтесбай, сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты.
Аталмыш халықаралық жобаның жоғары деңгейде өтуіне Түрік және Қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы (ТҮКІБ), Turkish Airlines әуе компаниясы және жергілікті кәсіпкерлік өкілдері қолдау көрсетті. Бағдарлама соңында байқау жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табыс етілді.



