Қоғам

Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары – 2026» көрме-байқауы өтті

Бүгін «Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, мәслихат депутаттары, жергілікті бизнес өкілдері, даму және қаржы институттары басшыларының қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті.

Аймақ кәсіпкерлері мен тауарөндірушілері жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі республикалық көрме-байқауына белсенді қатысып келеді. Бұл – отандық тауарөндірушілерді қолдауға, өнім сапасын арттыруға және ұлттық брендтерді дамытуға бағытталған маңызды шара.

Аймақ басшысы бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу екенін атап өтті.
– Бұл міндетті жүзеге асыруда кәсіпкерлер қауымының еңбегі мен жауапкершілігі ерекше. Көрмені аралау барысында сапалы өнімдерді өзімізде шығаруға болатынын көрдік.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы» деп атап өткен болатын.
Облыс экономикасын әртараптандыруда жоғары сапалы, экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібі қарқын алды. Алдағы 3 жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Бүгінгі көрме-байқау алаңы – кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, жергілікті өнімдерді тұтыну мен өткізуді арттыруға мүмкіндік береді»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жақында «Марал Нұр» серіктестігінің жоғары технологиялық вагондарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені ашылды. Бұл компания теміржол инфрақұрылымын дамытудағы сапалы жұмысы үшін өткен жылы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.

Өткен айда испандық «Рока Груп» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар, «Севен Риверс» компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыттарының капсуласы салынды. Алдағы уақытта жаңа өндірістердің жоғары сапалы өнімі облыс экономикасын өркендетуге септігін тигізеді.
Биылғы көрме-байқауға экономиканың түрлі салаларынан 62 тауарөндіруші қатысты. Сарапшылардың бағалау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз марапатталды.

Қазір Қызылорда облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 113 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 25 млрд теңге бөлініп, 553 жоба қаржыландырылды.

TuraNews

Back to top button