Қоғам
Trending

Коммуналдық сала үздіктері марапатталып, техникамен қамтамасыз етілді

Қызылорда қаласындағы Ботаникалық саябақта облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді экологиялық акция өтті.

Ауқымды іс-шараға облыс бойынша 17 694 адам қатысты. Олардың қатарында коммуналдық сала қызметкерлері, тазалық мекемелерінің мамандары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен еріктілер бар. Бұл – өңірде еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Аймақ басшысы өз сөзінде тазалық пен абаттандыру жұмыстары тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азамат пен еңбек адамының ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол коммуналдық сала қызметкерлерінің күнделікті еңбегі қала мен ауылдардың көркеюіне тікелей әсер ететінін жеткізді.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қаладағы орталық алаң, мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата сквері және Ботаникалық саябақ қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілді.

Сонымен қатар облыс бойынша бірыңғай дизайн-код енгізіліп, елді мекендердің сыртқы келбеті біріздендірілуде. Облыс орталығындағы 80-нен астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылып, заманауи келбетке ие болды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртылуда.

Іс-шара барысында тазалық пен экологиялық жұмыстарға белсенді қатысқан 100 қызметкер марапатталды. Олардың еңбегі өңірдегі коммуналдық жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне және қалалардың санитарлық жағдайын жақсартуға қосқан маңызды үлес ретінде бағаланды.

Сонымен қатар экологиялық инфрақұрылымды нығайту мақсатында салалық мекемелерге 26 арнайы техника табысталды. Олардың қатарында қалдық тасымалдаушы көліктер, тракторлар, өрт сөндіру техникалары және коммуналдық қызметке арналған арнайы жабдықтар бар.

Жаңа техниканың берілуі еңбек жағдайын жақсартуға, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыруға және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ботаникалық саябақ аумағында 500 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстың барлық елді мекенінде бір мезгілде сенбілік және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шараларға мыңдаған еңбек адамы қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты.

Аймақ басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында жұмыс істеп тұрған жылыжай қызметімен де танысты. Онда көкөніс өнімдері өсіріліп, аграрлық бағыттағы тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.

Жыл басынан бері өңірде 121 992 адам экологиялық және абаттандыру шараларына қатысқан. Осы уақыт ішінде 3 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, мыңдаған сквер, парк, әлеуметтік және өндірістік нысандар тазартылған.

Сондай-ақ облыс аумағында 88 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, жасыл желек көлемі кеңейтілді.

Жалпы, бұл бастама коммуналдық сала еңбеккерлерінің қоғамдағы рөлін айқындап, олардың еңбегін бағалауға және «еңбек адамы» имиджін нығайтуға бағытталған маңызды шара болды.

TuraNews

Back to top button