
Бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер басшыларының бейресми саммиті өтеді. Күн тәртібінің негізгі тақырыбы жасанды интеллект және цифрлық даму болмақ, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейресми саммитке қатысу үшін Түркістанға келді.
Шараға ТМҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің басшылары, соның ішінде Режеп Тайып Ердоған, Ильхам Алиев, Садыр Жапаров және Шавкат Мирзиёев қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ, СІМ ақпараты бойынша, түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері, соның ішінде ТҮРКСОЙ, ТүркПА, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі академиясы және Түркі инвестициялық қоры шақырылған.
Анықтама:
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) — түркітілдес елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету үшін құрылған халықаралық бірлестік. ТМҰ-ның мақсаты — түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ықпалдастыққа ықпал ету, өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту үшін жағдай жасау, ортақ даму әлеуетін ашу және мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту.

