Ташкент қаласында өткен «UEW 2026» халықаралық энергетикалық форумы аясында Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан энергетика ведомстволары өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті. Тараптар Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы «жасыл» энергияны өндіру мен жеткізуді дамытуға бағытталған «Green Corridor Alliance» жобасын іске асырудың қазіргі мәртебесін талқылады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Форумға Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс қатысты. Кездесу барысында Бақытжан Ілияс үш елдің мемлекет басшылары Бакуде өткен COP29 конференциясы аясында қол қойған келісім тұрақты энергетикалық дәліз қалыптастыруға және экологиялық таза электр энергиясының саудасын кеңейтуге негіз болатынын атап өтті.
Жоба жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін тиімді пайдалануды, мемлекетаралық энергетикалық байланыстарды дамытуды, сондай-ақ «жасыл» электр энергиясын Еуропаға және басқа да өңірлерге экспорттауға жағдай жасауды көздейді.
Сонымен қатар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің энергожүйелерін біріктіру үшін қажетті қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды кеңейту және жаңа электр беру желілерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан тарапы 2026 жылғы 27 сәуірде Президент аталған келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойғанын атап өтіп, бұл еліміздің өңірдегі тұрақты әрі өзара байланысты энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бейілдігін растайтынын жеткізді.
Кездесуге қатысушылар жобаны одан әрі ілгерілетуге және трансөңірлік «жасыл» энергетикалық дәлізді дамыту бойынша бірлескен іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға мүдделі екендерін растады.



