Бүгін «Өнер орталығында» даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты Алаштың арысы — Ер Жалаңтөс!» атты республикалық ақындар айтысының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Республикалық айтысқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, айтыскер ақын, «Алтын домбыра», мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп қазылық етті.
Жыр додасы жасанды интеллект көмегімен жасалған Жалаңтөс Баһадүр образындағы тақырыптық монологпен басталды.
Ашылу рәсімінде Мейрамбек Зинабдинұлы еліміздің әр өңірінен жиналған айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.
«Ұлы Жеңістің 81 жылдығы күні даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы басталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», — деген болатын.
Жалаңтөс Баһадүр — Қазақ хандығының сындарлы кезеңінде саясаткер әрі қолбасшы болған, ел есінде мәңгі сақталған бірегей тұлға.
Аймағымызда батыр рухына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Соның ішінде бүгінгі республикалық айтыстың маңызы ерекше. Себебі қатысушылардың бәрі — бейбіт күнгі батырлар бейнесін өлеңмен өріп, ұрпаққа рухани тәрбие сіңірген тарландар.
Сөз – қуатты құрал, ақын — сөз құдіретін кеудеден қорытып шығарып, ой-санаға құюшы. Сондықтан бүгін ерлік даңқы аспандайтын күн болмақ. Сөз жүйріктеріне батыр атын асқақтатып, ел рухын көтеріп, көмбеге сүрінбей жетіп, бәйгелі болыңыздар дейміз! Баршаңызға сәттілік тілеймін!», — деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Айтыс аламанында 12 ақын бақ сынады. Қорытындысында Шығыстың ақын қызы Жұлдызай Маратбек бас жүлдені иеленсе, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязов I орынды қанжығасына байлады. II орынды Қызылжардың құлагері Хавдолла Бейісхан алса, III орынды қыз бен жігіт айтысының жүйрігі Мақсат Ақанов пен Сырдың талантты перзенті Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті. Ал Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдемен белгілі айтыскер ақын Дидар Қами марапатталды.



