
Қызылорда қаласында патрульдік полиция қызметкері полиция лейтенанты Мұрат Шыңғысхан бейтаныс қалада шетелдік азаматқа көмек көрсетіп, қазақстандықтардың қонақжайлылығын көрсетті.
Облыс орталығының көшелерімен серуендеп жүрген Малайзия елінің азаматына ағылшын тілін еркін меңгерген полицей бағыт-бағдар беріп, қаладағы қажетті орындар туралы ақпарат ұсынды.
Саяхатшы Қызылордаға Алматыдан раритет көлікпен келген, әрі қарай Ресей мен Грузияға жол тартуды жоспарлап отыр. Ол экологиялық акция аясында түрлі елдерді аралап, табиғатты қорғауды мақсат етеді. Қызылордаға келудегі оның негізгі мақсаты — ағаш отырғызу арқылы қаланы көгалдандыруға үлес қосу.
Полицей тарапынан көрсетілген көмек құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тек қызметтік міндеттерін орындап қана қоймай, қала қонақтарына әрдайым қамқорлық танытуға дайын екендігін көрсетеді. Малайзиялық азамат полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдіріп, Қазақстанның мәдениеті мен қонақжайлылығын жоғары бағалады.
Мұндай ілтипат пен ізгі ниет полицейлердің кәсібилігін ғана емес, олардың қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін де айқындайды. Қазақстанда көрсетілетін осындай көмек халықаралық достықты нығайтып, еліміздің әлемдік аренадағы оң имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің адамгершілік пен жанашырлыққа негізделген әрекеттері тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын көрсетіп, еліміздің беделін шетелдік туристер алдында арттыра түсті.



