Қоғам
Trending

«Жаңа Конституция – нағыз халықтық таңдау» аймақтық сарапшылар платформасы өтті

Қызылордада Достық үйінде «Жаңа Конституция – нағыз халықтық таңдау» атты аймақтық сарапшылар платформасы өтті.

15 наурыздағы республикалық референдумнан кейінгі ел өміріндегі тарихи белесті бағамдаған бұл жиынға зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты.

​Басқосудың басты өзегі – жаңарған Ата Заңның қоғам өміріне, әсіресе өңірлік даму үдерістеріне тигізер ықпалын ғылыми-сарапшылық тұрғыдан зерделеу болды.

​Жиынды Қорқыт ата атындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция жетекшісі Наурызбай Байқадамов ашып, жаңа Конституцияның мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. «Бұл құжат халықтың еркін таңдауы мен ортақ жауапкершілігінің көрінісі ретінде заң үстемдігін қамтамасыз етуге берік негіз қалайды» деді.

​Осы орайда, білім беру жүйесінің болашағына тоқталған

И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Абайбек Жүнісов еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының рөліне тоқталып, мемлекеттік тілдің дамуы мен қоғамдағы маңызын жеткізді.

​Экономикалық еркіндік пен кәсіпкерлік ахуалды жақсарту тетіктерін облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық саралап берді. Ол жаңа Конституцияда жеке меншік құқығы мен нарық қатысушыларының теңдігі нақты бекітілгенін, бұл өз кезегінде өңірге инвестиция тартуға серпін беретінін айтты.

​Сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова отбасы институтын нығайту мен бала құқықтарын қорғау мәселесінің конституциялық деңгейде айқындалуы қоғамның тұрақты дамуының кепілі екенін тілге тиек етті.

​Заман ағымына сай цифрландыру және заманауи технологиялар тұрғысынан жаңа нормалардың маңызын Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев талдап, дербес деректерді қорғау мәселесінің заңнамалық бекітілуі инновациялық дамуға сенімді жол ашатынын атап өтті.

​Ал жастар саясатындағы жаңа мүмкіндіктер туралы «Қазақстан студенттер Альянсының» өкілі Салтанат Бижігітқызы сөз қозғап, жаңа буынның ел басқару ісіне белсенді араласуына жол ашылғанын жеткізді. ​Қатысушылар референдумға Сыр жұртшылығының белсенді қатысуы ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісі болғанын айтып, платформа жұмысын ашық пікір алмасу мен нақты ұсыныстармен қорытындылады.

TuraNews

Back to top button