ШҚО-да Үбі өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталады

Шығыс Қазақстан облысында өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Үбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Бұл құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Шемонаиха – Усть-Таловка» автожолын полиция бекетіне дейін қайта жаңғырту да жоспарланған.
Жаңа өткел ұзындығы 242 метр, ені жеті метр болатын екі жолақты көпір болады. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, жобаны іске асыру мерзімі 26 айды құрайды.
Жаңа көпір салу қажеттілігі қолданыстағы өткелдің жағдайымен байланысты. Қазіргі көпір 1959–1962 жылдары салынған. Соңғы рет күрделі жөндеу 2008–2009 жылдары жүргізілгенімен, бүгінде ол жүк көтергіштігі мен өткізу қабілеті бойынша заманауи талаптарға толық сәйкес келмейді.
Апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында көпірде реверсивті қозғалыс енгізілген: көліктер бір жолақпен кезекпен өткізіледі. Бұл жол жүру уақытын ұзартып, әсіресе қарбалас уақытта кептелістердің пайда болуына әкеледі. Сонымен қатар көпірде жүк көтергіштікке шектеу қойылған – көліктің жалпы салмағы 23 тоннадан аспауы тиіс. Бұл ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қиындатып, логистикаға әсер етеді.
Үбі өзені арқылы өтетін көпір стратегиялық маңызға ие. Өйткені ол «Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолында орналасқан және өңірдің негізгі көлік дәліздерінің бірі саналады. Бұл өткел арқылы күн сайын жеңіл және жүк көліктері қатынап, Шығыс Қазақстанды көршілес мемлекетпен байланыстырып отыр.
Жаңа көпірдің құрылысы қолданыстағы шектеулерді жоюға, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға, трассаның өткізу қабілетін көбейтуге және транзиттік әрі өңіраралық қатынас үшін заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.



