Ұлытау облысы су тасқынына сақадай сай: қауіпті аймақтардың басым бөлігінде қатер сейілді

Ұлытау облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жүргізілуде. Жұмыстар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған.
Облыс аумағында су басу қаупі бар 27 елді мекен анықталған. Қазіргі таңда 19 елді мекенде қауіп деңгейі төмендетілді (665 тұрғын үй, шамамен 2980 адам). Сонымен қатар 8 елді мекенде су тасқыны қаупі сақталуда: Ақшағат ауылы, Ынталы ауылы, Қаракеңгір, Жезді кенті, Жыланды ауылы, Қарсақпай кенті, Түйемойнақ қыстауы, Ақтай ауылы (108 тұрғын үй, шамамен 494 адам).
Тұрақты бақылауда Сарысу, Жаман-Сарысу, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Жезді, Қара-Торғай, Сары-Торғай өзендері және Кенгір, Жезді, Ақтасты су қоймалары бар. Облыс бойынша 8 гидробекет жұмыс істейді. Мониторинг визуалды бақылау және «Tasqyn» бағдарламасы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады.
2026 жылғы 11–12 ақпанда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су басу қаупі бар аумақтарға шолу жүргізілді. Нәтижесінде қауіп деңгейі жоғары учаскелер айқындалып, тиісті тапсырмалар берілді.
25–27 ақпан аралығында облыс аумағында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі. Оқу-жаттығу барысында азаматтық қорғау күштері мен басқару органдарының су тасқынына қарсы әрекет ету дайындығы тексеріледі.
2025 жылғы 10 желтоқсандағы №537 бұйрыққа сәйкес көктемгі кезеңге арналған күштер мен құралдар тобы жасақталды:
- 292 жеке құрам қызметкері;
- 69 бірлік арнайы техника.
Қосымша түрде 44 уақытша орналастыру пункті дайындалды (34 218 адамға дейін). Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарымен өзара іс-қимыл жоспары бекітілген.
Материалдық қор:
- 64,5 тонна жанар-жағармай;
- 7,3 тонна азық-түлік;
- 3,8 мың тонна инертті материал;
- 7 500 қап.
Қазгидромет болжамына сәйкес, су тасқыны кезеңінің шарықтау шегі 4–15 сәуір аралығында күтіледі. Ақпан айында орташа температура климаттық нормадан 1–2°С жоғары болады, жауын-шашын мөлшері норма шамасында болжануда.
2026 жылы топырақтың қату тереңдігі 87–99 см-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 35 см-ге артқан. Топырақ ылғалдылығы облыстың басым бөлігінде нормадан төмен.
Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Барлық күштер мен құралдар дайындыққа келтірілген.



