ӘлемДенсаулық

Қырғызстан карантиндік ауруларға қарсы жаңа жоспар әзірледі

Қырғызстан санитариялық қорғау ережелері мен 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын жаңартып жатыр, деп хабарлайды Кабар.

Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі «Қырғыз Республикасының аумағын санитариялық қорғау қағидаларын және 2026–2030 жылдарға арналған карантиндік және аса қауіпті жұқпалы аурулардың елге әкелінуі/енуі мен таралуының алдын алу бойынша эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» министрлер кабинеті қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары — бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Рыспек Сыдыгалиев министрлік Қырғыз Республикасының Конституциясына, «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» заңына және 2024 жылғы 12 қаңтарда қабылданған «Қоғамдық денсаулық сақтау туралы» негізгі заңға сүйенетінін айтты. Қазіргі таңда елдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметі осы заң аясында жұмыс істейді.

Оның айтуынша, республикада аса қауіпті карантиндік инфекциялардың алдын алу және бақылау жөніндегі арнайы Республикалық орталық жұмыс істейді. Елге кіретін жерлерде санитариялық-карантиндік бекеттер бар. Қажет болған жағдайда уақытша санитариялық карантин бекеттері ұйымдастырылады. Сыдыгалиев атап өткендей, «Қоғамдық денсаулық сақтау туралы» заңның негізгі міндеті — жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу.

Рыспек Сыдыгалиев 2025 жылдың қорытындысы бойынша сібір жарасы, туляремия, оба, құтыру сияқты ірі жұқпалы аурулардың өршуі тіркелмегенін алға тартты. Дегенмен басқа инфекциялық аурулар санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауында болды.

— Құжатты бұған дейін премьер-министр бекіткен. Қазіргі таңда Министрлер кабинеті жұмыс істейтіндіктен, жаңартылған нұсқа қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр. 2020 жылғы пандемия тәжірибесін ескере отырып, құжатта карантиндік бекеттердегі шараларды күшейтуге қатысты өзгерістер енгізілген, — деді ол.

Жобаның мақсаты — қоғамдық денсаулық сақтау туралы заңды іске асыру және ел аумағын карантиндік әрі аса қауіпті жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуынан қорғау тәртібі мен шарттарын нақтылау.

Сыдыгалиевтің айтуынша, әлемдегі эпидемиологиялық жағдай, COVID-19 секілді жаңа инфекциялардың таралуы, сондай-ақ қауіпті қоздырғыштарды террористік мақсатта қолдану қаупі түрлі мемлекеттік қызметтердің өзара үйлесімді әрекет ету тетігін әзірлеуді талап етеді. Бұл жұмысқа тек Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, басқа да ведомстволар қатысуы тиіс.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, ішкі істер, қаржы, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі, табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, шекара қызметі, сондай-ақ жергілікті әкімшіліктер мен қала мэриялары бірлесіп жұмыс істеуі қажет.

— Осыған байланысты 2026–2030 жылдарға арналған эпидемияға қарсы кешенді жоспар әзірленді. Оның мақсаты — карантиндік аса қауіпті инфекциялардан туындайтын төтенше жағдайларда бірлескен профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды жоспарлау, ұйымдастыру және өткізу, — деп түсіндірді маман.

Сыдыгалиев бұл құжатты қабылдау басқа нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді қажет етпейтінін және қосымша қаржылық шығындарды талап етпейтінін айтты.

— Жоба бес күннен бері министрлік сайтында жарияланған. 14 күн ішінде азаматтар өз ұсыныстары мен пікірлерін жолдай алады, — деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары.

 

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button