Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті баспасөз қызметінің мәліметінше, келісім «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол компаниясы» ЖШС (бірлескен жобалық компания) мен құрамына Қытай даму банкі мен Эксимбанк кіретін Қытай Халық Республикасының Банктер синдикаты арасында жасалды.
Жобаның жалпы құны 4,7 млрд АҚШ долларын құрайды, оның 2,3 млрд соманы Қытай үш ел құрған бірлескен жобалық компанияға 35 жылдық несие ретінде береді.
Қалған 2,3 млрд АҚШ доллар үш ел бірлескен жобалық компанияның жарғылық капиталына енгізіледі: Қытай (51%), Қырғызстан (24,5%) және Өзбекстан (24,5%).
Теміржол құрылысы жобасы аясында жалпы ұзындығы 120 шақырым болатын 50 көпір мен 29 туннель салу қарастырылған. Қырғызстан аумағындағы темір жолдың жалпы ұзындығы 304 шақырымды құрайды.
Бұған дейін Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол құрылысы практикалық кезеңге аяқ басқаны туралы хабарланған болатын.



