Қоғам

Шиелі ауданының бестам ауылында 150 орындық клуб ашылды

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының Бестам ауылында 150 орындық клубтың ашылу рәсімі өтті. Оған жауапты құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы өңірде іске асқан игіліктерге тоқталып, жиналған жұртшылыққа құттықтауын жеткізді.

«Президентіміздің Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарған жұмысымызға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейінгі ең алғашқы қол қойған Жарлығы «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» болды.

Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет тарапынан жасалған барлық қолдауды тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін қойды. Бүгінде облыстың 447 мың тұрғыны (халық саны 845 мың адам), яғни 53 пайызы ауылда тұрады.

Осы жылы Шиелі ауданының бюджеті 17 млрд. теңгеден асты. Энергетика, ауыз су, газдандыру салаларында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Шиелі электр жүйесінің қосалқы станциясы 4 млрд. 480 млн. теңгеге толықтай жаңғыртылды.

Осындай байыпты бастамалардың жалғасы ретінде бүгін Бестам ауылындағы 429 млн. теңгеге салынған 150 орындық жаңа клубты ел игілігіне беруге жиналдық.

Ауылдық клуб мәдени жаңғырудың орталығына айналсын! Қуаныштарыңыз құтты болсын!», – деді Н. Нәлібаев.

Шиеліде жеке инвесторлар есебінен 6 млрд. теңгеге қуаттылығы 20 МВт, құны 1 млрд 500 млн теңге болатын күн-электр станциялары салынуда. Аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп,16 елді мекен табиғи газға қосылған. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты, аудандық аурухана жанынан қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Онда жаңа МРТ аппараты орнатылуда. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысандар тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді.

Биылғы оқу жылында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ашылды. Жыл соңына дейін кезектілік реті бойынша тұрғындарға 52 пәтерлік 26 жаңа тұрғын үй табысталады.

Ал бүгінгі жаңа клубтың бас мердігері «Дәнекер» ЖШС, ғимартта ән, хор, би, қолөнер үйірмелері болады және кітапхана орналасады. Бұл жер ауыл жастарының басын қосатын, өнерге баулитын руханият бесігіне айналмақ.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен жаңа нысанды салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Еңбек ардагері Әшім Оразбекұлы жаңа бастамаға батасын берді.

 

TuraNews

Back to top button