ҚоғамТехнология

Өзбекстан Мұсылмандары Басқармасы: «ChatGPT діни сұрақтарға жауап бере алмайды»

Өзбекстан Мұсылмандары Басқармасына қарасты Пәтуа орталығы жасанды интеллект жүйесі, атап айтқанда ChatGPT, діни сұрақтарға толыққанды әрі дұрыс жауап бере алмайтынын мәлімдеді.

Орталықтың қызметкерлері мұсылмандарды шариғат мәселелері бойынша білікті мамандарға жүгінуге шақырды.

Пәтуа орталығының түсіндірмесінде: «Жоқ, бұған жол берілмеуі тиіс. ChatGPT платформасы кейбір сала мамандарына пайдалы болғанымен, ол діни сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап қайтара алмайды. Өйткені, бұл адам қолымен жасалған өнім. Жасанды интеллект белгілі бір кітаптарға сілтеме жасай отырып, жауапты тек жобалап ұсынады. Бірақ ChatGPT келтіретін ақпарат ресми кітаптар мен өзге де дереккөздерде кездеспейді», – делінген.

Осыған байланысты, Орталық діни мәселелерде ақпарат алу үшін білімді мамандардың көмегіне және кеңесіне жүгінудің маңыздылығын атап өтті. Жасанды интеллект жүйелерінің ақпараттық шектеулері мен діни білімнің тереңдігі арасындағы айырмашылыққа назар аударылды.

 

TuraNews

Back to top button