Қоғам

Бүгін — Түркияда Ататүрікті еске алу, жастар және спорт мерекесі

19 мамыр — Түркия тарихындағы маңызды күндердің бірі. Түркия жұрты бүгін елдің тәуелсіздігі жолында күрескен көрнекті қайраткер, Республика негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікті құрметпен еске алуда.

1919 жылдың дәл осы күні — 19 мамырда — Мұстафа Кемал Ататүрік 9-армия инспекторы ретінде Самсун қаласына аттанып, елді шетелдік басқыншылыққа қарсы ұйымдасуға үндеген еді. Бұл оқиға Түркияның ұлттық азаттық соғысының бастауына түрткі болды және тарихи кезеңнің бетбұрысты сәті ретінде қабылданады.

Жастар сол кезде ұлт-азаттық қозғалыстың алдыңғы шебінде болғандықтан, 1938 жылы 20 маусымда қабылданған заңмен 19 мамыр — Жастар және спорт күні болып бекітілді. Алайда бұл күн бұған дейін де — 1935 жылы алғаш рет «Ататүрік күні» ретінде аталып өткен болатын. Сол жылы өткізілген спорттық іс-шаралар да мерекенің мазмұнын кеңейте түсті. Кейіннен спорт конгресі барысында екі мерекені біріктіру ұсынысы қабылданып, заңмен ресми түрде бекітілді. Ал 1980 жылдан бастап бұл күн «Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні» деп аталып келеді.

Осы мерекеге орай түрік халқын 19 мамыр — Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

 

TuraNews

Back to top button