ӘлемСаясат

Албанияда 3,7 млн-нан астам сайлаушы жаңа парламент құрамын анықтайды

Жексенбі, 11 мамыр күні Албанияда жалпыұлттық парламенттік сайлау өтеді.

Албанияда парламенттік сайлауға 3 713 761 тіркелген сайлаушы қатыса алады, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 140 депутаттық мандатқа 53 саяси партия мен 3 коалиция өкілдері таласады. Бұл — 1991 жылы коммунистік режим құлағаннан бергі 11-ші парламенттік сайлау болмақ.

Бүгіннен бастап елде үгіт-насихатқа шектеу күшіне енді. Дауыс беру аяқталғанға дейін митинг өткізуге, бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жүргізуге және кез келген саяси жарнамаға, оның ішінде телеарналардағы көрсетілімдерге тыйым салынған.

Сайлау күні таңғы 07:00–ден кешкі 19:00–ге дейін ел аумағындағы 5 225 сайлау учаскесінде дауыс беру өтеді.

Биыл алғаш рет шетелде тіркелген албаниялық сайлаушылар қашықтан — электрондық пошта немесе кәдімгі пошта арқылы дауыс бере алады. Бұл мүмкіндікті 245 935 азамат пайдаланады. Дауыс беру 15 сәуірде басталып, негізгі сайлау күнімен қатар, 11 мамырда аяқталады.

Сайлау барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) 31 елден келген 100-ге жуық халықаралық бақылаушысы қадағалайды.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button