Түркістан: арыстықтар тыл ардагерлерін жеңістің 80 жылдығымен құттықтады
Жеңістің 80 жылдығына орай Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев тыл ардагерлерінің шаңырақтарына арнайы барып, Мемлекет басшысының атынан мерекелік медальдар мен сый-сияпаттар табыс етті.

Арыс қаласында бүгінде 118 тыл ардагері тұрады. Олар – ел басына күн туған қиын-қыстау заманда маңдай терін сарп етіп, еңбекпен жеңісті жақындатқан жандар. Мерейлі датаға орай ұйымдастырылған құрмет көрсету іс-шарасына қала басшысымен бірге Арыс ауданының прокуроры Алмас Арыстанбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты деп хабарлайды TuraNews.kz.
Құттықтау сапары Вера Алюнина әженің шаңырағынан басталды. 88 жастағы кейуана еңбек жолының басым бөлігін теміржол саласына арнап, сол салада зейнетке шыққан. Қала әкімі ардагерге Президенттің арнайы медалін табыстап, шын жүректен құттықтауын жеткізді.
Одан кейінгі аялдама – Кемелбек Асылбеков ақсақалдың үйі болды. Шаһар басшысы қарияға арнайы шапан жауып, сый-сияпат тарту етті. Ақсақал өзінің жастық шағы мен еңбек жолынан сыр шертіп, ел амандығын тілеп, ақ батасын берді.
Сондай-ақ Қайсар Маңқараев Ақдала ауылында тұратын Күлпаршын Ағманованы да құттықтады. 1936 жылы дүниеге келген абыз ана шопан болып еңбек етіп, бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған көпбалалы ана. рдайым құрметке лайық.
Ардагерлерге құрмет көрсету сапары Дермене ауылдық округіндегі Несібелі Төлегенованың үйінде қорытындыланды. Жоғары білімді, білікті дәрігер ретінде елге сіңірген еңбегі зор кейуанаға қала әкімі Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат ұсынды.
Айта кетейік, бүгінде Арыста 118 тыл еңбеккерлерінен бөлек, майдангерлердің 6 жесірі де мемлекет қамқорлығында. Барша ардагерлерге мерекелік медальдармен қатар, бір реттік қаржылай көмек көрсетілді.