ШҚО-дағы аңшылық алқаптарды қайта бекіту: басқарудың жаңа үлгісі және ашықтық қағидатына негізделген бағдар
Шығыс Қазақстан облысында аңшылық алқаптарды басқару жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, аңшылық алқаптарды қайта бекіту бойынша өкілеттіктер жергілікті атқарушы органнан уәкілетті мемлекеттік орган — Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясына берілді. Бұл өзгеріс жаңа заңнамалық нормалардың күшіне енуіне байланысты жүзеге асырылып отыр.
Өкілеттіктердің ауысуына орай, Шығыс Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігі 10 аңшылық шаруашылықты қайта бекітуге өтінім берді. Нәтижесінде, 2024 жылғы 3 шілдеде уәкілетті орган осы учаскелер бойынша келісімшарттардың мерзімін 25 жылға ұзартты.
ШҚО әкімдігі өз кезегінде, өкілеттіктер қайта бөлінгеніне қарамастан, заңдылық пен әділдік қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ аңшылық қызметке қатысты заң нормаларының орындалуын бақылау жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.
Аңшылық қоғамының қатысуымен болған сот дауына келсек, әкімдік бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, қайта бекітуге бас тарту себебі ұсынылған құжаттардың бірқатар талаптарға сай келмеуі екенін айтты: 2024–2025 жылдарға арналған аңшылық шаруашылықтардың даму жоспары мен шаруашылықаралық аңшылық жобасы ұсынылмаған. ҚР Жоғарғы Соты бұл шешімнің заңдылығын растап, төменгі сот инстанцияларының шешімдерін қолдады.
Сонымен қатар, бұрынғы келісімшарттардың мерзімі 2024 жылғы 24 маусымда аяқталғанын ескере отырып, өтініш берушінің құқықтары бұзылмағаны атап өтілді. Құжаттардағы кемшіліктерді түзету және қайта тапсыру мүмкіндігі берілгенімен, өтініш беруші сот тәртібімен даулы мәселелерді шешуді жөн көрген.
Айта кету керек, 2024 жылғы 21 мамырдан бастап аңшылық алқаптарды қайта бекіту бойынша бұрынғы ережелер күшін жойды. Бұл өзгеріс экология және табиғи ресурстар министрінің №107 бұйрығына сәйкес енгізілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өңірдегі аңшылық ресурстарды тиімді әрі ашық басқару мақсатында барлық мүдделі тараптармен, соның ішінде аңшылармен конструктивті және сындарлы диалог орнатуға дайын екенін ресми түрде мәлімдеді.