Қазақы тазы мен төбет тұқымдарының стандарттары әзірленеді
Қазіргі қолданыстағы "Үйде ұсталатын қазақы ит тұқымдарына қатысты стандарттарда" олардың өзгешеліктері толық ескерілмеген.
Мемлекеттік өкілетті орган және ұлттық орталықтағы ғалымдар сарапшылармен бірлесіп, қазақы төбет пен тазы иттерінің өз алдына жеке стандарттарын әзірлейді, деді мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов.
Депутаттың айтуынша, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген үйде ұсталатын қазақы ит тұқымдарына қатысты стандарттар қолданыста бар. Алайда тазы және басқа да ит тұқымдарының бойына, жүніне байланысты әртүрлі болып келеді.
«Әр өңірде тазымен және төбет иттермен айналысып жүрген азаматтар бар. Иттердің түріне қарасаң, бойлары да бірдей емес. Сондықтан заң шыққаннан кейін осы мәселеге қатты көңіл бөлінеді. Өкілетті орган және орталықтағы ғалымдар сарапшылармен бірлесіп, стандарттарды әзірлейтін болады. Төбет иттердің де стандарттары әзірленеді. Бұрын ондай болмаған», – деді депутат.
Айта кетейік, Мәжіліс «Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап жатыр. Бұл заң қолданысқа енген кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығының күші жойылады.