
Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Садыр Жапаров Орталық Азияның барлық елдері шекара мәселелерін біржола өзара шешкенін мәлімдеді.
— 13 наурызда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы 101 жыл бойы (1924 жылдан бері) шешілмей келген шекара мәселесі біржола шешілді. Бұл екі ел үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағы үшін маңызды оқиға, өйткені қазір аймақтағы барлық елдер шекара мәселесін өзара толық шешті деп санауға болады. Осы сәттен бастап Орталық Азияда мәңгілік бейбітшілік орнады, — деп атап өтті қырғыз басшысы.
Қырғызстан басшысы Орталық Азия елдеріне өзара визасыз режим енгізу процесін бастауды, ал басқа елдерден келген қонақтарға аймақтың барлық елдерінде еркін жүруге мүмкіндік беретін бірыңғай виза жасауды ұсынды.