БастыСаясат

Қырғызстан президенті Азаттық радиосын жабу туралы ұсынысты қолдады

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Илон Масктың «Азат Еуропа/Азаттық» радиосын жабу туралы ұсынысына пікір білдірді.

Қырғыз Республикасының басшысы Дональд Трамп пен Илон Маск «ақша аспаннан түспейтінін» жақсы түсінетін миллиардерлер екенін атап өтті. 

— Олар америкалықтардың ақшаны мағынасыз ысырап етуін тоқтатқысы келеді. Олар мұны өте дұрыс жасап жатыр. Қазір – ХХІ ғасыр. Кез келген ақпарат бес минут ішінде бүкіл әлемге таралады. Осыдан 20–30 жыл бұрын интернет те, смартфон да болмағандықтан, барлығы «Азаттықты» тыңдап, сенетін. Қазір халыққа «Азаттық жаңалықтары» керек емес, — деді ол.

Садыр Жапаровтың айтуынша, қазір адамдар жаңалықты саралай алады, бәріне сене бермейді, жалған ақпаратты шындықтан айыра алады.

— Мәселен, «Азаттық» біреудің беделіне нұқсан келтіретін бұрмаланған ақпарат таратса, адамдар оны талдай бастайды. Ал ақпараттың жалған екені анықталған кезде ондай ақпаратты не үшін таратты деген сұрақ туындайды. Жауап ретінде олардан кешірім сұрап, жаңалықтарды сайттан алып тастайды. Ал «Азаттықты» сотқа берсең Қырғызстанда сөз бостандығы өлген деп жар салады. Бұл қалай? Жалған ақпарат тарату немесе жаңалықтарды манипуляциялау сөз бостандығы ма сонда? — дейді Садыр Жапаров.

Қырғызстан басшысы рұқсат беруді сөз бостандығымен немесе адам құқықтарымен шатастырмауға шақырып, Трамп пен Масктың шешімдерін қолдау керектігін айтты.

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button