Құранды өртеген Момика өз үйінде оққа ұшты
2023 жылы Швеция астанасында бірнеше дүркін Құранды өртеп, мұсылман елдерінің наразылығын тудырған ер адам сот үкімі шығудан бір күн бұрын оққа ұшты.
Жергілікті полиция осы қылмысқа қатысы бар бес адамды қамауға алды. Бұл туралы сингапурлық Lianhe Zaobao басылымы хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігі.
Швеция полициясы бүгін Ирактан қоныс аударған Салван Момиканың сәрсенбі күні (29 қаңтар) Седертелье қаласындағы өз үйінде атып өлтірілгенін растады.
Басылымның жазуынша, полиция кісі өлтіру бабы бойынша тергеу жүргізіп, бес адамды түнделете қамауға алған.
Стокгольм соты бейсенбі күні Салван Момиканың Құранды өртеуінің «нәсілдік өшпенділікті қоздыруға» қатысы жайлы үкім шығарады деп жоспарланған еді. Алайда, сот үкім шығаруды 3 ақпанға қалдырды.
2023 жылдың маусым айында Салван Момика Стокгольмдегі Үлкен мешіттің алдында 200-ге жуық адамның көзінше Құранның жұлынған парақтарын табанына таптап, өртеп жібереді. Оның бұл әрекеті Түркия, Ирак сияқты елдермен Швеция арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне себеп болған еді.
Істы қараған прокурордың айтуынша, Швеция заңдарына сәйкес Құранды өртеу ислам дініне сын ретінде қарастырылып, сөз бостандығы аясында қорғалуы мүмкін. Алайда, оқиғаның нақты мән-жайына және Момиканың Құранды өртеу кезінде айтқан сөздеріне байланысты бұл әрекет «белгілі бір этностық топқа қарсы өшпенділікті қоздыру» ретінде бағалануы да мүмкін.