Былтыр Өзбекстан мен Қытайдың Сыртқы істер министрлері азаматтарға 30 күн ішінде визасыз қос елге баруға мүмкіндік беретін келісімге қол қойған болатын.
Осы орайда, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Uzbekistan Airways компаниясы төрағасының орынбасары Шухрат Ядгаров аталған құжаттың нақты қашан күшіне енетінін айтты.
— Наурыз айынан кейін елдеріміз арасында визасыз режим туралы келісім күшіне енуі мүмкін. Тиісінше, жолаушылар саны 10 есе артады. Сондықтан мүмкіндікті тиімді пайдаланып, барлық талапқа сай рейстер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, — деді Шухрат Ядгаров.
Бұл ретте әуекомпания Ташкенттен Шэньчжэньге және Ферғанадан Үрімшіге жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Uzbekistan Airways компаниясының ұшақтары 20 қаңтардан бері Ресейді айналып өтіп, Еуропаға рейс орындап жатыр.