БастыСаясат

Қырғызстанда дін туралы заңға қол қойылды

Заңда бір ғана даулы мәселе бар – үй аралап уағыз айту мәселесінің реттелмегендігі.

Мемлекет басшысы Садыр Жапаров Facebook парақшасында өз шешімін түсіндірді, деп жазады Kazinform агенттігі.

Оның айтуынша, дінге берік азаматтар заңға қарсылық білдіріп, қабылдамауды сұраған. Алайда зайырлы көзқарастағы азаматтар заңға қол қоюды талап еткен.

— Елімізде дінді ұстанатындар қанша болса, зайырлы көзқарастағы азаматтар да көп екенін ұмытпайық. Олар бейтаныс адамдардың пәтерлер мен үйлерді аралап, есік қағуына қарсы. Халық бұл уағызшылар кімдер, оларда мүфтияттан, қазияттан немесе хатибияттан куәлік бар ма, олар қандай ұйым немесе қандай бағытты насихаттайды, бұл бағыт дінімізге қайшы келмей ме ?, деген сауалдарға жауап алғысы келеді, — деп түсіндірді Қырғыз елінің басшысы.

Садыр Жапаров заңда даулы бір ғана жайт бар, ол – уағыз айту үшін үйлерді аралау мәселесі дұрыс реттелмегенін баса айтты.

— Мұндай уағыз таратуға кім рұқсат беретіні, оған кім қатыса алады, қандай білім қажет, кімнің дауат өткізуге құқығы бар, қандай парақшалар немесе кітаптар таратуға рұқсат етілгені және бұл материалдарды кім тексеретіні анықталмаған. Азаматтарымыз отбасын, бала-шағасын қараусыз, күнкөріссіз қалдырып, 3 күн, 40 күн, тіпті 4 айға кетіп қалған жағдайлар да бар. Әуелі отбасыңды аз болса да азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сосын барып дінге шақыру керек емес пе?- деп жазды қырғыз басшысы.

Мемлекет басшысы соңғы кездері Қырғызстанда теріс ағымдарды насихаттайтын радикалды материалдар мен кітаптарды тарату фактілері жиілеп кеткенін атап өтті. Оның ойынша, мүфтият пен ғұламалар кеңесі нақты талаптар мен ережелер белгілеп, ұсынуы керек.

— Егер мүфтият нақты ережелер әзірлеп, осы процесті ретке келтіріп, одан кейін уағыз айтуды жалғастырса, бұл мемлекетіміздің болашағына игі болады, — деді мемлекет басшысы.

Қырғызстан халқы 33 ағымға бөлінгені аталып өтті. Елде сот тыйым салған, бірақ жұмыс істеп жатқан ағымдар бар:

Хизбут-Тахрир-әл-Ислами;

Ат-Такфир Валь-Хиджра;

Йакын Инкар;

Джабхат ан-Нусра (Сирия аумағына кетті);

Катибат әл-Имам әл-Бухари (Сирия аумағына кетті);

Жаннат Ошиклари (Сирия аумағына кетті).

Қырғызстан сотының шешімімен қызметіне тыйым салынған және ел аумағында тоқтатылған экстремистік немесе террористік ұйымдар:

Әл-Қаида;

Шығыс Түркістан ислам қозғалысы;

Күрд халық конгресі;

Шығыс Түркістан азаттық ұйымы;

Түркістан ислам партиясы;

Ай шіркеуі;

Джайшул Махди;

Джунд әл-Халифа;

Ансарулла;

Акромия;

Саид Бурятскийдің үгіт-насихат материалдары мен қызметі (А. Тихомиров);

ДАИШ – Ирак пен Левант ислам мемлекеті;

Жамаат ат-Таухид уәл-жихад;

Жиһад ұйымы.

Қызметіне сот тыйым салмаған ағымдар:

Таблиғи жамағат;

Салафия;

Хизмет (Гүленшілер);

Нурджулар;

Сулайманшылар;

Ахмадия;

Құранистер (Құран әһлу);

«Мұсылман бауырлар»;

Жетінші күн адвентистері;

Иегова куәгерлері;

протестанттар;

Иса Мәсіх шіркеуі;

Саентологтар;

Тәңіршілдер.

Садыр Жапаровтың айтуынша, бұл ағымдарды ұстанушылар саны күн сайын артып келеді.

— Тыйым салынбаған қозғалыстар түрлі кітаптар мен брошюраларды таратады. Сондай-ақ тыйым салынған ағымдар кітаптар, парақшалар мен бейнероликтер таратады. Кейбір жосықсыз ұйымдар азаматтарымызды жасырын түрде теріс ағымдарға тартып жүр. Бұл болашағымызға қауіп төндіретін аса қауіпті үрдіс. Мұсылман елдерінде, мысалы, Сирияда және басқаларында мұсылмандардың өздері бір-бірімен: «Менің ұйымым дұрыс, ал сіздің ағымыңыз дұрыс емес» деп бір-бірімен соғысатынын көріп отырмыз. Онымен күрес миллиондаған мұсылмандардың қанын төгіп жатыр,- деп түсіндірді ол.

Мемлекет басшысы мүфтият пен дінтанушыларға дін саласын ретке келтіруге ықпал етуді сұрады.

— Қырғызстанды дұрыс жолға салып, оның болашағына берік негіз қалайық. Ел аралау мәселесіне бүге-шігесіне дейін талқылап, тәртібін ұсыныңыздар. Олардың мүлтіксіз орындалуы мен реттелуіне мемлекет көмектеседі. Ұсыныстарыңызды неғұрлым тез енгізсеңіздер, соғұрлым жақсы, -деп түйіндеді сөзін Қырғызстан басшысы.

 

TuraNews

Back to top button