Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы басталды
Елордада Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы басталды.
Жиынға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысып отыр.
Сондай-ақ, іс-шараға ТМД Бас Хатшысы Сергей Лебедев пен ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин шақырту алған.
Бұған дейін тараған ресми хабарламада Армения өкілдерінің есімдері аталған жоқ. Ал Армения СІМ баспасөз хатшысы Ани Бадалян Арменпресс агенттігіне елдің Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Қорғаныс министрлері кеңесінің, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің отырысына қатыспайтынын мәлімдеген болатын.
Айта кету керек, Қазақстан 2024 жылдың 1 қаңтарында ҰҚШҰ-ға төрағалық тізгінін алған болатын.
Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде, нақты айтсақ, 18 қараша күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы қарар қабылданды.
Құжатта ҰҚШҰ өзінің бітімгершілік әлеуетін және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық жүйесін нығайтуға, терроризмге және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимылға, есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күреске және Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен ережелерін іске асыруға жәрдемдесетін табиғи және техногендік апаттардың салдарын жоюға елеулі үлес қосатыны атап көрсетілген.