БастыҚоғам

Өзбекстанда халық санағы 2026 жылы өтуі мүмкін

Өзбекстан Республикасының Статистика агенттігі «2026 жылы халық санағын өткізу туралы» заң жобасын көпшілік талқылауға ұсынды.

Заң жобасына сәйкес, 2026 жылы өтетін халық санағын ұйымдастыру мақсатында республикалық және аймақтық комиссиялар құрылмақ. Республикалық комиссияны Премьер-Министр Абдулла Арипов басқаратын болады, деп жазады ӨзА

Республикалық комиссияның негізгі міндеттері:

— Халық санағына дайындық пен оны өткізуге қатысты шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, дайындық және өткізу жұмыстарының үйлестірілуі мен мониторингін жүргізу;

— Халық санағының нәтижелерін талдау, оны ұйымдастыруға қажет қаржы мәселелерін шешу, санау материалдарын өңдеп, қорытынды нәтижелерін жариялау бойынша ұсыныстарды қарастыру;

— Халық санағына қатысу үшін жеке және заңды тұлғаларды тарту, олардың еңбегіне ақы төлеу мәселелерін шешу және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату ұсыныстарын дайындау.

Сонымен қатар, Қарақалпақстан Республикасының Министрлер Кеңесі, облыстар мен Ташкент қаласы әкімдіктері жанындағы аймақтық комиссиялардың міндеттері ретінде:

— Халық санағына дайындық пен оны өткізу бойынша нақты іс-шараларды ұйымдастыру, жауапты орындаушыларды бекітіп, тиісті жұмыстарды өткізу;

— Халық санағын өткізу үшін аймақтарда қажетті жағдайлар жасап, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру белгіленген.

Өңірлерде халық санағына дайындық пен оны өткізу жұмыстарының орындалуын бақылау, халық санағына жеке және заңды тұлғаларды тарту, оларды ынталандыру жұмыстары да қарастырылған.

Халық санағын планшет құрылғылары арқылы өткізу жоспарланған. Осы мақсатта 2023-2026 жылдар аралығында қажетті техникалық және бағдарламалық құралдар Дүниежүзілік банктің жеңілдетілген несие қаражаты есебінен сатып алынады.

Халық санағы кезінде «Жеке деректер туралы» заң мен тиісті заңнамалық актілер қатаң сақталуы тиіс, ал респонденттерден алынған мәліметтердің құпиялылығы қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі, облыстар мен Ташкент қаласы әкімдіктері, Өзбекстан махалла одағы және Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Кадастр агенттігі 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін елді мекендер мен көше атауларын белгілеуді және үйлер мен ғимараттарды толықтай нөмірлеу жұмыстарын аяқтауға міндетті.

Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі, облыстар мен Ташкент қаласы әкімдіктері 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкімшілік-аумақтық шекаралардың өзгеруі, топонимикалық нысандарға атау берілуі және олардың атауларының өзгеруі туралы мәліметтерді статистикалық органдарға уақтылы жеткізу тапсырылған.

Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Кадастр агенттігі Қарақалпақстан Республикасы мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп, халық санағын өткізу үшін 2025 жылдың 1 қарашасына дейін жаңартылған схемалық жоспарлар және карталармен қамтамасыз етулері қажет.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республика аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекараларын өзгерту, топонимикалық нысандарға атау беру және олардың атауларын өзгерту жұмыстары уақытша тоқтатылуы ұсынылды.

Заң жобасының талқылауы 6 қарашаға дейін жалғасады.

Айта кетейік, Өзбекстанда соңғы 34 жылда халық санағы өткізілген жоқ. Пандемияға байланысты 2022 жылы өтуі тиіс санау 2023 жылдың қарашасына шегерілген еді. Статистика агенттігінің мәліметінше, халық санағын өткізу үшін алдын ала 800 миллиард сум қажет екені айтылған.

TuraNews

Back to top button