Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын жақсарту жұмыстары жүйеленіп келеді
Түркістан облысының медицина қызметкерлеріне практикалық-консультациялық көмек және әдіснамалық қолдау көрсету мақсатында көшпелі мониторинг жүргізілді.
Оған Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығынан бір топ мамандар арнайы келген болатын. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен үйлестіру кеңесі өтіп, балаларға медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстарына жүргізілген мониторинг нәтижесі талқыланды.
– Ана мен бала денсаулығын қорғау аса маңызды. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Арнайы профессор, мамандардың өңірімізге келіп, талдау жұмыстарын жүргізіп жатқанына қуаныштымыз. Проблема бар екенін жоққа шығармаймыз. Облыс басшысының қолдауымен бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Медицина ұйымдарына материалдық техникалық жабдықталуы, мамандардың біліктіліктерін арттыру үнемі назарда. Сондай-ақ қажетті маман тапшылығын жою бойынша қаржы қарастырып, арнайы гранттар бөліп отырмыз. І тоқсан қорытындысы бойынша жалпы тірі туылған нәрестелер саны 12 593-ті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 763 жағдайға төмендеген. Ал неонатальді нәрестелер өлімі 15 жағдайға азайған. Мониторинг нәтижесі бойынша қайтадан талқылап, орын алуы ықтимал деген мәселенің алдын алу үшін тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын. Сондықтан нақты ұсыныс беріңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында профессор, ҚР ДСМ штаттан тыс бас неонаталдық хирургі, «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ клиникалық жұмыс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары, топ жетекшісі Асылжан Ерекешов талдау нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша тексеру барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «КЕАҚ неонатология» кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д. Нышангүл Божбанбаева баяндама жасаса, мониторинг топ мүшелері пікірін ортаға салды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдувалиев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, жиынды қорытындылады.
Өткен жылы медицина ұйымдарына материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 9 млрд, ал мамандардың біліктілігін арттыруға 125 млн қаражат бөлінген. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 43 маман шет елдерде, соның ішінде 36 маман Ресейде оқытылды. Ал 7 маман Түркияда біліктілік арттырды. 600 маман балалық шақтағы ауруларды бірлестіре жүргізу бағдарламасы бойынша оқудан өткен. Облыс әкімінің тарапынан 60 грант бөлініп, қазіргі таңда 37 маман резидентурада оқуда.
Биыл медицина ұйымдарына материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 7,3 млрд, мамандардың біліктілігін арттыруға 121 млн қаражат жоспарлануда. Сонымен қатар облыс әкімінің тарапынан 139 грант бөлініп, қазіргі таңда қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, облыстық балалар ауруханасындағы жансақтау бөлімінде жатқан ауыр науқастарға ғылыми орталықтың дәрігерлеріне практикалық кеңес өткізілді. Ал консультативтік-диагностикалық емханада ауданнан келген науқастарға консилиум жасап, жаңа туған нәрестеге ота жасау барысында тәжірибелерімен бөлісті. Түркістандық хирург мамандарына лекция оқып, дәріс жүргізді.