Ауруханада 50 күн жатқан баланың жүрегіне күрделі ота жасалды
Тіршілік үшін судың маңызы қандай жоғары болса, адам өмірі үшін ақ халатты абзал жандардың рөлі өте жоғары екендігі айтпасақ та белгілі. Әсіресе қоғамда болып жатқан аты жаман індетпен күресуде дәрігерлердің қоғамдағы рөлі одан сайын айқындалып,еңбегі жоғары бағаланып жатқандай.
Қазіргі заманның батырлары деп дәрігерлерді айтуымыз керек деп білемін. Ежелгі жаугершілік заманда батырларымыз жаудан елін, жерін, халқын күн демей, түн демей қалай қорғаса, дәл солай қазіргі таңда дәрігерлер адамдардың өмір сүруі үшін індетке қарсы тұруда.
Мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны маңызды емес. Дәрiгерге ең қажеттісі– адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру iздеп, дәрiгерге барары хақ. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар. Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, басы ауырып, балтыры сыздағандардың дертіне шипа тауып, алғыс-сауабын арқалайтын да – медицина қызметкерлері.
Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сайрам аудандық ауруханасынан санавиация желісі бойынша ауыр халде 11 жастағы ұл бала жеткізілген. Анасының айтуынша, бала тумасынан жүрек ахауына шалдыққан.
Қабылдау кезінде баланың жүрек ырғағының баяулап, тыныс алуының бұзылуына байланысты жағдайының өте ауыр екені байқалды. Бала жүрек жетіспеушілігі, өкпе қысымының жоғары симптомдарымен келіп түсті, жүрек соғу жиілігі минутына 90-ға жетті. Жүрегінде ахауы бар науқас баланы дәрігерлер жансақтау бөліміне жатқызып, шұғыл түрде емдеу жұмыстарын жүргізген.
Жағдайдың ауырлығын ескере отырып, шұғыл түрде бас дәрігердің орынбасары Алмат Байсалов, кардиохирургтар, кардиолог, кардиореаниматолог мамандардың қатысуымен консилиум өткізілді. Науқас баланың жағдайын тұрақтандыру үшін дәрігерлер жансақтау бөлімінде бақылап, қажетті емдеу шараларын жүргізген. Жағдайы тұрақтанған пациентттің жүрегіне дәрігерлер ашық ота жасап, қарынша аралық тесік (ДМЖП) жабылды. Күрделі операция кезінде хирургтар жасанды қан айналым аппаратын қолдана отырып, науқас балалның жүрегін уақытша тоқтатып қойған. Төрт сағатқа жуық созылған операция сәтті өтті дейді дәрігерлер.
Жалпы бала стационарда 50 күн болды. Соның ішінде жансақтау бөлімінде 30 күн болды. Нәтижесінде тұрақты күйдегі кішкентай науқас, тұрғылықты жері бойынша кардиологтың бақылауымен үйге шығарылды. Бүгінде баланың жағдайы жақсарды. Ата-анасының ақ халаттыларға алғысы шексіз.