Ташкентте Қазақстан-Өзбекстан консулдық консультациялары өтті
Консультациялар барысында тараптар консулдық және көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.
16 сәуірде Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Азамат Әубеков пен Өзбекстан Республикасы СІМ Консулдық-құқықтық департаменті басшысының орынбасары Вахит Тұрсыновтың басшылығымен Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволары арасында кезекті консулдық консультациялар өтті.
Консультациялар барысында тараптар консулдық және көші-қон саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, оның ішінде азаматтық мәселелеріне, сондай-ақ екі ел азаматтарының өзара сапарларының шарттарына ерекше назар аударылды.
Консультациялар соңында тараптар екі елдің құзыретті мекемелері арасындағы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілігін растады.