Түркиядағы турнир: Ризабек дағыстандық жұлдыздан жеңілді, «классиктерде» екі қола
Түркияның Анталья қаласында күрес түрлерінен дәстүрлі Яшар Догу және Вехби Эмре турнирі аяқталып, қазақ балуандары жүлделі оралды.
Жүлде саны жөнінен Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орынға табан тіреді.
Қайрат Сағадиев шәкірттері 122 ұпаймен жалпы командалық есепте үшінші орынға тұрақтады.
Екінші күні бозкілемге шыққан қыздар арасында 62кг салмақта Ирина Кузнецова финалға шығып, финалда қырғыз балуаны Айсұлу Тыныбековаға есе жіберіп күміс медаль алды.
Гулдана Бекеш (59 келі), Елена Шалыгина (68 келі), Шамшиябану Тастанбек (72 келі) қола жүлдегер атанды.
Жарыстың алғашқы күні Эльмира Сыздықова (76 келі ) күміс, Эмма Тисина (57 келі) қола медаль алған болатын.
Жалпы командалық есепте Жапония 135 ұпаймен бірінші орын, Моңғолия 133 ұпаймен екінші орын иеленсе, Қазақстан 122 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов (60 келі) пен Тамерлан Шадукаев (77 келі) қола медаль алса, еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 келі) қолаға қол созды.
Ризабек жартылай финалда Бахрейн атынан сынға түсетін дағыстандық балуан Ахмед Тажукаевтан ұтылған.