Бұл жайында Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
«Ұлттық сараптама орталығының Астана қалалық филиалы Молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасының базасында айналымдағы қызылша вирусының генетикалық сипаттамасына секвенирлеу әдісімен зерттеулер жүргізілді. Ол үшін зертханалық расталған 17 материал жіберілді. Генотиптеу нәтижелері үлгілердің 100 пайыз D8 генотипіне жататынын көрсетті. Бұл штамм 1980 жылдары Азияда пайда болды және қазір бүкіл әлемге таралып жатыр. D8 генотиптері соңғы 4 жылда Еуропада, Азияда және Солтүстік Америкада болған ауру ошақтарына себепкер генотиптердің бірі саналады», — деді ол Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, елордада қызылшаға қатысты жағдай әлі де қолайсыз. Жыл басынан бері қалада қызылшаның 2 278 бастапқы және 609 расталған жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында — 429 жағдай.
«Ауру ересек контингентке ауыса бастады. Яғни, ондағы қарқынды көрсеткіш 25,2-ден 40,2-ге немесе 37,3 пайызға өсті. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан қосымша жаппай иммундаудың арқасында желтоқсан айымен салыстырғанда бір жасқа дейінгі, бір жастағы және 2 жасқа дейінгі балалар арасында сырқаттанушылықтың төмендеуін байқап отырмыз. Мәселен, 1 жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы — 15, бір жастағы балалар — 8,5 және 2 жастағы балалар 21,3 пайызға төмендеді», — деді Сархат Бейсенова.