Түркі Академиясы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиеті бірлесіп ұйымдастырған жиынға Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-інің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Серік Мақыш, Оңтүстік Кореядағы Донгдук Қыздар университеті жанындағы Еуразия Түркі мемлекеттері институтының директоры, профессор Ынгёнг О, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлы, Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы, Корея Мәдени орталығының директоры Ку Бом Чхоль, сонымен қатар танымал түркологтар мен жас ғалымдар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Асхат Кесікбаев қатысушыларға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтауын жеткізіп, жалпы Академия жүзеге асырып жатқан жобалар жөнінде баяндап берді.
Өз кезегінде Серік Мақыш түркі және корей тілдері арасында лингивистикалық сабақтастықтың бар-жоғын зерттеу жайындағы ойларымен бөлісті.
Осыдан кейін баяндама жасаған профессор Ынгёнг О «Түркі гуманитарлық ғылымдар энциклопедиясын» әзірлеу барысы туралы айтып, Кореядағы түркологиялық зерттеулерлер мәселесіне тоқталды.
Кореялық мейманның баяндамасынан соң кітаптардың тұсаукесер рәсімі жасалды.
Бұдан әрі Юлай Шамилоғлы жаңа таныстырылған бірегей басылымның маңызы туралы айта келіп, жалпы түркі елдеріндегі энциклопедия дәстүріне тоқталды.
Өзге қатысушы түркологтар да кореялықтар мен түркі елдері арасындағы байланысқа қатысты ойларын ортаға салып, энциклопедияны әзірлеушілерге ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, 8 томдық «Түркі гуманитарлық ғылымдар энциклопедиясы» Корея Ұлттық зерттеулер қорының қаржылай қолдауымен 2018-2023 жылдар аралығында жүзеге асырылған іргелі ғылыми жобаның нәтижесі болып саналады. Жобаға әртүрлі мемлекеттерден 21 сарапшы автор ретінде атсалысып, профессор О Ын Кенг бастан-аяқ жетекшілік етті.
Еңбектің кіріспе мақаласында аталып көрсетілгендей, «Түркі гуманитарлық ғылымдар энциклопедиясы» Түркі белдеуі елдерінің (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, сонымен қатар Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Хакасия, Тува, Саха Республикаларының (РФ), Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы) барлық гуманитарлық ғылымдарын, атап айтқанда түркі әлемінің тіл білімі, әдебиеті, тарихы, өнері, географиясы, фольклоры және діни наным-сенімі салаларын қамтыған.
Кәріс тілінде әзірленген энциклопедиялық еңбек жалпы көлемі 4500 бет болатын 8 томнан тұрады. Онда екі мыңнан астам негізгі ұғымдарға жан-жақты анықтама берілген.