ӘлемБасты

Әзербайжандағы сайлау: Жақып Асанов ТМД ПАА байқаушылар тобының үйлестірушісі болып тағайындалды

Әзербайжан Республикасы Милли Межлисінің (парламентінің) төрағасы Сахиба Гафарованың шақыруымен ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобы Әзербайжандағы кезектен тыс президенттік сайлауды бақылауға қатысып жатыр.

Бұл туралы сейсенбіде ТМД Парламентаралық Ассамблеясы кеңесінің хатшылығы мәлім етті, деп хабарлайды Trend

Хатшылықтың мәлімдемесінде көрсетілгендей, аккредиттеуден өткен байқаушылар тобының құрамында Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан депутаттары мен сенаторлары бар. ТМД Парламентаралық Ассамблеясы бақылаушылар тобының үйлестірушісі болып Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов тағайындалды.

Жақып Асанов — ©ашық дереккөз

Топ құрамында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий бастаған ассамблеяның лауазымды тұлғалары да бар.

Байқаушылар 4 ақпанда Әзербайжанда қысқа мерзімді мониторинг жүргізуді бастайды. 4-6 ақпанда кандидаттардың сайлауалды штабтарымен, Орталық сайлау комиссиясының, Бас прокуратураның, Конституциялық соттың және Милли Межлисінің басшылығымен кездесулер өтеді деп жоспарланған.

7 ақпанда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушылары Бакудегі және Әзербайжанның басқа да аймақтарындағы сайлау учаскелеріне барады. Шетелдік учаскелерде де мониторинг ұйымдастырылады.

Еске сала кетейік, Әзербайжан президентінің кезектен тыс сайлауы 7 ақпанда өтеді.

Бұған дейін Әзербайжанда кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталғаны хабарланған болатын. Оның мерзімі 6 ақпан күні сағат 08:00-де аяқталады.

ОСК кезектен тыс президенттік сайлауда 7 кандидатты тіркеді:

1.Биліктегі «Ени Әзербайжан» партиясынан президенттікке кандидат және қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев;
2.Өзін-өзі ұсынған кандидат Захид Орудж;
3.«Ұлттық майдан» партиясынан президенттікке кандидат Рази Нуруллаев;
4.«Ұлы жасампаздық» партиясынан президенттікке кандидат Фазиль Мұстафа;
5.«Ұлы Әзербайжан» партиясынан президенттікке кандидат Эльшад Мусаев;
6.«Біртұтас Әзербайжан халықтық майданы» партиясынан президенттікке кандидат Гудрат Хасангулиев;
7.Өзін-өзі ұсынған кандидат Фуад Әлиев.

Source
Kazinfrom / Ербол Жанат

TuraNews

Back to top button