Қоғам

Түркістан облысындағы ауыл мектептерінің оқушылары өндіріс орындарын аралап жүр

«Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ ұйымдастыруымен «Turkistan Travel Fest» шарасы аясында Түркістан облысындағы ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары үшін арнайы тур басталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Турдың алғашқы күнінде Созақ ауданы, Шолаққорған ауылынан келген балалар Кентау трансформатор зауытында болды. Сонымен бірге «Ұлы дала елі» музейі мен «Farab» кітапханаларын аралайды. Экскурсия барысында оқушыларға өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметі туралы ақпараттар берілуде.

Турдың ерекшелігі және мақсаты – оқушылардың болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектесу, техникалық мамандықтарға басымдық беру, өнеркәсіп орындарымен таныстыру. Адамның адам болып қалыптасуының құралы – еңбек. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі – жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу – маңызды педагогикалық процесс. Өйткені, болашақ қоғам азаматтары өздерінің адамгершілік қасиеттерін, абыройын, өмірден алатын орнын тек қана еңбек арқылы ғана ақтай алады. Еңбекке баулуда бала күнделікті өмірге қажетті дағдылар мен ептіліктерді меңгеріп қана қоймай, еңбек баланың ақыл-ойының дамуына әсер ететіндей, бастаған ісін соңына дейін аяқтауына, оның әсем де әдемі болуына назар аударту көзделеді. Еңбекке тәрбиелеудің негізгі мақсаты – еңбексүйгіштікке тәрбиелей отырып, оның нәтижесіне қуана білуге, балалардың күшін толықтыруға және денсаулығының нығаюына жәрдемдеседі, дене қозғалысының үйлесімді, сергек болуына ықпал ету.

Осы арқылы оқушылар техникалық мамандықтармен танысып, ой түйеді. Балалармен бірге жергілікті БАҚ өкілдері қатысып жатыр.

Жоба аясында экскурсияға Түркістан облысындағы 5 ауыл, яғни Шолаққорған, Ораңғай, Шорнақ, Ынталы және Ынтымақ ауылдарынан жалпы саны 150 бала қатысады. Оқушыларға арналған экскурсия 13 қарашадан 17 қарашаға дейін жалғасады.

TuraNews

Back to top button