БастыҚоғам

Ахыска түріктерінің жер аударылғанына 79 жыл толды

Ахыска түріктері (джавах түріктері, месхет түріктері, ахыска түріктері, месхеттер, кавказ түріктері) – түркітілдес халықтар, Грузияның Месхетия аймағынан шығып, қазір бүкіл әлемге таралған. Жалпы саны ша­мамен жарты миллионнан асады, соның 200 мыңнан астамы Қазақ­станда тұрады.

Ахыска түріктері – көне түркі әлеміндегі тарихи тағдыры ауыр ұлттардың бірі. Бұл ұлт қазақ жерінен географиялық тұрғыда қашықта орналасқанына қарамастан, тағдыр оны қазақпен бір шаңырақ астында табыстырды.

Ахыска түріктері – Сталин режимінің салдарынан 1944 жылы Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударуға мәжбүр болған түрік ұлтының өкілдері. 1944 жылы 14 қарашада Грузияның Түркиямен шектесетін Аспиндза, Ахыска, Адыгюн, Ахилкелек және Богдановка секілді аудандарын қоныстанған жергілікті түріктер Орта Азия аумағына күштеп қоныс аударылған болатын.

Мұрағат деректеріне зер салар болсақ, 1944 жылдың желтоқсан айының ортасында Қазақстанға көшірілген түріктердің жалпы саны 92307 адам болды. Оның ішінде жас балалар саны 45085. Түрік халқының ең бірінші эшелоны Ташкент аумағына 1944 жылдың 9 желтоқсанында келіп тоқтаған. Қоныс аударушылардың екінші жартысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 22 күндік жол жүріп жетті. Қазақстанға қоныс аударушылар 6300 отбасы (27833 адам) болды. «соғыс аяқталған соң, туған жерлеріңе қайтып ораласыңдар» деген НКВД оларға өздерімен бірге тек 3 күндік ас-ауқатын ғана көтеріп шығуға рұқсат береді. Ал шын мәнінде, ата жұрттан айрылған түріктер Қазақ жеріне 20-күннен артық жол жүреді. «Тозақ вагонында» 40 мыңға жуық адам суық пен аштыққа ұрынып, көз жұмады. Олардың дені балалар мен қарт адамдар болатын. Қоныс аударылған түріктердің қоғамдық және азаматтық құқықтары болмады. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның ауылдық жерлерін ғана мекендеуге рұқсат беріледі.

Source
Қазақстан халқы Ассамблеясы

TuraNews

Back to top button