2023 жылғы 13 қазанда Шушада Әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналған Түркі әлемінің I мәдени форумының ашылуы салтанаты өтті. Форумды Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Түркі Академиясы және ТҮРКСОЙ ұйымдастырды.
Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Әзербайжан Мәдениет министрі Адил Керимли, бауыолас елдердің бірқатар лауазымды тұлғалары, ғылым және мәдениет қайраткерлері, өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдары қатысуда.
Форум түркі өркениетінің түрлі аспектілерін, атап айтқанда тарихын, тілін, әдебиеті мен сәулетін терең зерделеуге, сондай-ақ мәдениет пен шығармашылық индустриялар саласындағы, оның ішінде Түркі әлемінің мәдени бағыттағы бастамалары аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға арналған платформа ұсынады. Форум аясында ТҮРКСОЙ Мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің 40-шы отырысы және ТҮРКСОЙ Музейлер одағының отырысы өтеді.
Форумның ашылу салтанатында Шушада өткізілген іс-шаралар мен фестивальдерге, оккупациядан босатылған аумақтарға салынатын құрылыстар және қалпына келтіру жұмыстарына арналған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ, қонақтар үшін әдеби-көркем қойылым ұсынылды.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әзербайжанның мәдениет министрі Адил Керимли 2023 жылы Шуша қаласын «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деп жариялау Түркі әлемінің Шушаға деген ерекше назар аударуының айқын көрінісі екенін айтты.
Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев өзінің құттықтау сөзінде Түркі әлемі жаңа дәуірге, өзінің тарихи дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, ХХІ ғасырда түркі әлемі өзінің лайықты орнын алуы үшін төл мәдениеті мен құндылықтарына негізделген бірегейлікті сақтауға шақырды. Осы орайда ол Түркі әлемінің мәдени форумын ұйымдастыру уақыт пен заман талабына сай маңызды шара екенін атап өтті.
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Түркі мәдениетін, тілін, тарихын қорғау, дамыту, әлемге танымал ету және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында құрылғанын атап өткен, ұйым Бас хатшысы Сұлтан Раев түркі халықтары мен елдері арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы байланыстарды дамыту бағытында көптеген іргелі іс атқарылғанын айтты.
Іс-шарада ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті академик Иса Габиббейли және Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы, Халық жазушысы Анар сөз сөйледі. Спикерлер түркі мәдениетін қолдау мен насихаттаудың маңыздылығы туралы, бауырлас халықтардың бірлігі нығайып келе жатқаны ойларын ортаға салды.
Форум жұмысы «Түркі тілдері мен әдебиеті: дифференциация және интеграция», «Мәдени және тарихи мұраны қорғау және қалпына келтіру саласындағы үздік тәжірибелер» және «Шығармашылық индустриялар мен инновациялар» тақырыптары бойынша панелдік отырыстарға жалғасады.
Форумның екінші күні аясында Түркі Академиясы мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі «Түркі әлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, қалпына келтіру және сақтау» атты панельдік пікірталас ұйымдастырады.
Түркі әлемінің I мәдени форумы өз жұмысын 14 қазанда аяқтайды.