Биыл Абхазия мен Оңтүстік Осетия ортақ мерейтойлық межеге жетті. Осыдан 15 жыл бұрын, 2008 жылғы тамыздағы тең емес соғыста Грузияны тізе бүктірген Ресейдің сол кездегі президенті Дмитрий Медведев телеарналардан қайрылып, Мәскеу Грузияның осы екі өңірін тәуелсіз мемлекеттер ретінде танитынын жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Содан бергі жылдарда РФ Сухуми мен Цхинвалидің бюджетін қаржыландырып келеді. Оған айырбас ретінде сондағы әскери базаларын нығайтты. Сонымен бір мезгілде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі мәртебесін пайдаланып, өзге елдерді Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тәуелсіз республикалар ретінде мойындатуға күш салды.
Бірінші болып, 2008 жылы Сакартвело елінің осы екі өңірінің тәуелсіздігін Никарагуа мойындады. 2009 жылы оның қатарына Венесуэла қосылды: бұған диктатор Уго Чавес ресейлік қаруды сатып алуға қатысты өзіне тиімді мәміле бекітілген соң барды.
Сапаны емес, санды көбейте беру үшін Мәскеу осыған Тынық мұхиттағы ұсақ арал мемлекеттерді: Науру, Вануату және Тувалуды иліктірді. Бір қызығы, бірнеше жыл өткенде Вануату мен Тувалу өз шешімдерінің қате болғанын мойындап, оның күшін жоя салды. Ал 13 мың ғана тұрғыны бар Наурудың басшылығы Кремлдің жолдаған 50 млн доллар қаржысын алған соң, өз шешімінен бас тартуды уақытша кейінге қалдырыпты.
Ресейлік дипломатия мен коррупцияның бұл бағытта бағындырған «маңызды» белесі – Мәскеудің сателлитіне айналған Сирияның Башар Асад режимінің 2018 жылғы мойындауы болды.
Бірақ енді Кремлдің пиғылы өзгергені байқалуда. Украинаның «ЛХР/ДХР» атты квазиреспубликаға айналдырған екі облысын сол «мәртебесінен» айырып, Херсон және Запорожье облыстарымен бірге Ресей территориясына қосып алған Мәскеу бүгінде Абхазия мен Оңтүстік Осетия есебінен тағы кеңеюді ойластырып жатыр.
Мәскеудің Грузияның осы екі өңірін республика ретінде мойындауының 15 жылдық мерейтойына орай «Аргументы и факты» газетіне мақаласын басқан РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Ресейдің аталған грузиялық территорияларды өзіне қосып алу ниетін білдірді.
«Бізге 2008 жылғы оқиғаның қайталанғаны керек емес. Біз проблемаларды БҰҰ жарғысының рухында, келіссөздер үстелінде шешуге сол бұрынғыдай дайынбыз. Алайда біздің қаупіміздің сұлбасы шынайы сипатқа ие бола бастаса, біз еш кідірмейміз. Абхазия мен Оңтүстік Осетияда Ресейге қосылу идеясы сол бұрынғыдай танымал. Мұны жүзеге асыруға болады», — деп қоқан-лоққы жасады Д.Медведев.
Дегенмен, сарапшылар Абхазияның Ресейдің бір субъектісіне айналуға қарсы екеніне назар аудартады.
Осы аптаның басында болған оқиға соның бір көрінісіне айналды. Сейсенбі күні Мәскеу қалалық соты «заңдағы ұры» мәртебесі бар Япончикті өлтіру ісінің фигуранты Н.Папаваны сырттай соттауға мәжбүр болды. Оған 16 бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жаза орындалған жоқ, себебі, Абхазия қылмыскерді Ресейге беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Бұл жерде Мәскеу өзі құрған тұзаққа өзі түсті: РФ Грузиядан бөліп алған соң Абхазия төл азаматтығын енгізді. Содан сотталған Нугзар Папава соның азаматы болды. 2021 жылы жергілікті «бас прокуратура» РФ бас прокуратурасының сұрауын қанағаттандырудан бас тартты. Себеп?
«Республика конституциясында Абхазия азаматтарын қылмыстық қудалау мақсатында шет мемлекетке беруге тыйым салынған», — деп мәлімдеді квазимемлекеттің «бас прокуратурасы».
Криминалды авторитет Вячеслав Иваньков (Япончик) 2009 жылғы 28 шілде күні Мәскеудегі «Тайский слон» мейрамханасынан шыға бергенде қастандықпен өлтірілді. Киллер оны мейрамханадан 40 метр жерге қойылған «Газель» көлігінен атқылаған. Мәскеу қалалық сотының үкімінде айтылғандай, кісі өлтіруді Астамур Бутба және Нугзар Папава жүзеге асырды. Екеуі де қос азаматтыққа ие: РФ және Абхазия азаматтары. Ресей екеуіне де халықаралық іздеу жариялады.
Қалай болғанда, сарапшылардың тұспалдауынша, Ресей арқылы күнелтіп отырғанымен, кішкентай, әрі өр Абхазия одан тәуелсіздігін паш етуге тырысады. Демек, Мәскеу әскер күшімен басып алмаса, РФ құрамына оның ерікті қосылғысы жоқ.
Кездейсоқтық па, әлде қасақана жасаған қастандығы ма, Абхазияның қазіргі басшысы Ресейге сапарлаған сайын, уланып, ауруханаға түседі. Соңғы оқиға биыл болды: 2023 жылғы тамыздың басында Абхазия президенті Аслан Бжания Мәскеудегі ауруханадан бір-ақ шықты. Ол РФ астанасына «республика тәуелсіздігінің мойындалуының 15 жылдық мерейтойына арналған» жұмыс сапарымен аттанған еді. Инсайдерлер оның уланғанын айтады.
Осыдан он бес жыл бұрын Абхазия Ресеймен ынтымақтастығының шегін нақты белгіледі: «Абхазия Ресейді туыстас, жақын мемлекет ретінде бағалайды, бірақ оның құрамына кірмейді».
2022 жылғы қыркүйекте Ресейде мобилизация жарияланғаны белгілі. «Одақтастық пен серіктестік туралы» келісімдерге сәйкес, мобилизацияға өзін өзі жариялаған осы екі республиканың тұрғындары да ілігуге тиіс. Оның үстіне абхаздардың басым көпшілігі ресейлік паспортқа ие. Кремльдің соғысқа жігіт алу туралы суық бұйрығы жария бола салысымен, ертесіне Абхазия «сыртқы істер министрлігі» мәлімдеме жасады: РФ президентінің жарлығы Абхазиядағы РФ азаматтығына ие тұрғындарға да таралмайтын болады.
Оңтүстік Осетия болса, Украинада қан төгуге екі мыңнан астам тұрғынын жолдады. Абхазиядан 800-дей еркек Ресей төлеген қыруар қаражатқа қызығып, ерікті ретінде кеткен, «ДХР әскері», «Вагнер» сияқты заңсыз әскери топтар құрамына қосылды. Олардың артынан елге табыттар легі ағыла бастаған соң, Абхазия еріктілер ағынын да тез-ақ тыйып тастады.
Жергілікті журналист Ирина Гаринаның айтуынша, Абхазия басшысы әу бастан Мәскеудің талабына үнемі шекеден қарап үйренген, бірден бас ұрып, жығыла кетпейді. 2008 жылы РФ–Грузия соғысы Абхазиядан басталуға тиіс болыпты. Мәскеу Грузиямен шекарада, Гальский ауданында әскери іс-қимылдарын бастауды жоспарлаған. Алайда сол кездегі Абхазия басшысы Сергей Багапш Ресейге бұл істе көмектесуден бас тартады. Сондықтан Кремлге Оңтүстік Осетияның басшысы Эдуард Кокойтымен келісуге тура келеді.
2009 жылы С.Багапш Абхазия президенті ретінде жаңа мерзімге сайланды. Содан ол бірден Түркиямен белсенді жақындасуға кірісіп кетті. РФ қаһарын төкпеуі үшін ол Түркияда тұратын абхаз диаспорасымен байланысты жолға қоюды сылтау еткен.
2011 жылы Сергей Багапш сырқатына байланысты президенттік лауазымынан бас тартуына мәжбүр болды. Ол өзінің ізбасары ретінде сенімді серіктесі Александр Анквабты қалдырды. Сол арқылы ары қарай да қашықтан елді басқаруы мүмкін еді. Оның үстіне А.Анкваб Грузиямен тұтқындар алмасуда келіссөзші болған. Ол да Абхазияның тәуелсіздігін нығайтуға күш салды. Оның Грузиямен тіл табысуынан Мәскеу қорқа бастады: Абхазияның басты экспорттық тауары саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінен, әсіресе мандаринінен әлдебір «қорқынышты зиянкестер» тауып, оның экспортына тыйым салумен болды. Содан үш жыл өткенде тосыннан наразылықтар бас көтеріп, халық толқулары ұйымдастырылды. Ресейлік пропаганда оның отына май құйды. Анквабқа кетуден басқа амал қалмады.
Мәскеу бұрынғы премьер-министр Рауль Хаджимбаға иек артты. Ол президент бола салысымен, Абхазияға да ресейлік ақша ағындады. 2019 жылы ресейшіл Р.Хаджимба екінші мерзімге қайта сайлануға бел буды. Оның басты қарсыласы Аслан Бжания болатын. Мегрель тілінде сөйлейтіні үшін Мәскеу оны грузиншіл деп танып, әу бастан жақтырмады.
Содан кандидат Бжания неге екені белгісіз, 2019 жылғы сәуірде Сочиге сапарлады. 18 сәуірде оны жедел жәрдем ауыр халде ауруханаға жеткізді. Тәуелсіз ресейлік басылымдар оның симптомдары «Новичокпен» улануға қатты ұқсайтынын жазды. Оның екі оққағары да уланып қалыпты, олар екі ай ішінде әзер аяқтарына тұрды.
А.Бжанияға жарты жылдай емделуіне тура келді. Бұл оқиғаны ресейлік, абхаздық құзырлы органдар тергемеді. Аслан Бжания өзін «антиресейлік кандидат» деп есептемегенін қалапты. Бжанияны емдеген Германияның Мюнхеніндегі клиника оның ағзасынан сынап пен кадмийді тапты.
Осыған байланысты 2019 жылы Абхазиядағы президенттік сайлау кейінге шегерілді. Оның екінші турының қорытындысында Хаджимбаның жеңіске жеткені жарияланды. Ғажабы сол, Абхазияда тәулсіз сот бар болып шықты. Оппозиция сайлау нәтижелеріне қатысты сотқа шағымданып, ақыры жеңіп шықты. Абхазия президенті болып, Аслан Бжания сайланғаны анықталды.
2020 жылғы наурызда, пандемия қарсаңында Бжания тағы да Ресейге сапарлады. 2 наурызда ол тағы да тосыннан өзін нашар сезініп, ауруханаға түскен. Сочидегі аурухана оған пневмония деген диагноз қойды. Ал Bellingcat өз зерттеуінде Алексей Навальныйды улауға қатысы бар тұлғалардың содан үш күн бұрын Мәскеуден Сочиге барғаны белгілі болғанын жазды.
Аслан Бжания енді, 2023 жылғы 10 тамыздағы Ресейге сапарында тағы да жағдайы нашарлап, Мәскеу ауруханасына түскен.
Мәскеудің оған жақпайтыны аңғарылады.
2020 жылы Ресей мен Абхазия одақтастық аясында екі елдің заңнамасын бірыңғайландыруға, жақындастыруға уағдаласып, тиісті келісімге қол қойды. Дегенмен, Абхазия оны орындамай, саботаж жасауға тырысуда. Өйткені ондағы бірінші пункт болып, «Абхазия Республикасында Ресей азаматтарына баспана сатып алу құқығын беру» талабы тұр.
«Біз жерімізді шетелдіктерге сататындай үлкен ел емеспіз. Жеріміз шағын. Біздің егістіктерімізді ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланғыңыз келеді екен, жол ашық. Бірақ біз жерімізді сата алмаймыз», – деп кесіп айтты Абхазияның сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Тамила Мерцхулава.
«Ресей өз құрамына алғаннан кейінгі Қырымның тағдырын көріп, біліп отырмыз. Егер ресейліктер біздің жерімізді жекеменшігіне иелене бастаса, онда көп уақыт өтпей, біз өз жағажайларымыздың бірде біріне жақындай алмай қаламыз», — деді журналист Ирина Гаринамен сөйлескен абхаз шенеунігі.
Өзара келісім аясында Ресей Абхазиямен «ортақ экономикалық кеңістік құруға» келіскен. Дәл осындай келісім Еуразиялық одақ аясында Қазақстан мен Ресей арасында да бар. Алайда Абхазия бұл бағытта да Мәскеуді тежеп келеді.
Ақпарат құралдары бір тосын оқиғаны мысалға келтірді: мәскеулік кәсіпкер Михаил Панов жергілікті Гудаутта пластик құбырлар өндіретін зауыт ашып, жарты миллион доллардан астам инвестиция салған. Әйтсе де, төл бизнесін өз атына рәсімдеуге жергілікті билік рұқсат етпеді. Содан зауыт іске қосылғанда, «серіктестері» М.Пановты көлікке отырғызып, Ресей шекарасынан әрі асырып, тастап кетеді. Бұдан былай Абхазияға оралмауға табанды кеңес береді. Ұқсас оқиғалар жеткілікті. Теңіз жағалауындағы коттеджді сатып алып, жергілікті тұрғын атына тіркеткен РФ тұрғындарының да аузы күйген.
Ресей пропагандистері Абхазияның түріктерге жақсы жағдай жасап отырғанын айтқанда, ызадан шаштарын жұла жаздайды. Түркияда жарты миллионнан астам абхаз тұрады, ал бұл Абхазия тұрғындарының санынан екі еседен астамға көп.
Бүкіл бюджетін Ресей қалыптастырып, жалақы, жәрдемақы және басқасын төлеуге миллиардтаған рублін бөліп жатқанына қарамастан, Абхазия Түркияға іш тартып тұрады, сонымен достығын нығайтуда.
«Абхазияда ресейліктер кезігетін қаптаған проблемалар Түркия инвесторларында жоқ. Абхазия түрік кәсіпкерлері мен азаматтарына баспана сатып алуға да рұқсат етеді. Түріктердің бизнес жобалары да онда қиындық көрмейді. Егер Ресей Абхазиядан қол үзіп қалса, Түркия сондағы рөлі мен орнын нығайтады. Қазірдің өзінде солай жасауда», – деп налиды шетелдегі отандастармен байланысқа жауапты Ресейдің бірінші сыныпты мемлекеттік кеңесшісі Татьяна Полоскова.
«Біздің Түркиямен ынтымақтастығымыз ешкімге де құпия емес. Егер үңіліп қарасақ, экономиканы дамытуға бағытталған инвестициялардың басым көпшілігі Мәскеуден емес, дәл осы Түркиядан келіп жатыр. Түрік инвестициялары ауыл шаруашылығына, туризмге, балық шаруашылығына, орман саласына құйылуда. Абхазияда қайда қарасаң да, барлық жерде – түрік инвестициясы», – деді «Апсны» халықаралық қорының басшысы Сонер Гогуа.
Абхазия президентінің ресми сайтында осы ұлттың байырғыдан бергі тарихы берілген. Сонда түркі әлеміне деген жылы лебіз бен сезімді байқауға болады. Мысалы, онда Абхазия патшалығының Византиядан азаттық алуына Хазар қағанаты көмектескені айтылған. Хазар қағанатының қазіргі бір мұрагері Әзербайжан екені мәлім. Бұл ретте Абхазия патшасы II Леонның анасы хазар патшасының қызы болғаны да жазылған.
XVI ғасырда Кавказ елдері қатарында Абхазия да Осман империясының құрамына кірді. Абхаздар Түркияның келуімен бірге өңірге, соның ішінде Абхазияға хақ дініміз – исламның тарағанын құрметпен, қошеметпен айтып, тарихи жадында сақтап келеді.