Қазақстанда шомылу маусымы аяқталды
Елімізде суға түсу маусымы ресми түрде үш айға созылады – 1 маусымнан 31 тамызға дейін, деп жазады Turanews.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Министрлігін мәліметінше, жаз мезгілінде ведомствоның құтқарушылары судан 136 адамды құтқарды, оның 51-і – балалар. 177 адам суға батып кетті, оның ішінде 53-і – кәмелетке толмағандар. Өткен 2022 жылғы шомылу маусымында су айдындарында 184 адам көз жұмса, (-4%), соның ішінде 62-сі – кәмелетке толмағандар (-15%).
«Суға батқандардың 98 пайызы жабдықталмаған жағажайларда шомылған. Судағы өлімнің негізгі себептері – өз күштерін асыра бағалау, мас күйде шомылу, жүзе алмау. Ал балалардың суға кетуінің басты себебі – ересектердің оларды қараусыз қалдыруы», — дейді ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Тыйым салынған және рұқсат етілген шомылу аймақтары туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған.