Қазақстан Түрікменстан аумағы арқылы ұн экспортын ұлғайтады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп жазады Turanews.kz.
«Қазақстан мен Ауғанстанның екіжақты форматта да, бүкіл өңір ауқымында да сауда саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін кең әлеуеті бар. Біріншіден, Қазақстан ұнының дәстүрлі жеткізілімін көбейту маңызды. Біздің ұн Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы жеткізілетіні белгілі факт. Биылғы 4 айда Ауғанстанға Өзбекстан аумағы арқылы 150,8 млн АҚШ доллары сомасына 450 мың тоннадан астам ұн жөнелтілді», — деді С. Жұманғарин.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Өзбекстан арқылы жүк тасымалы тарифі жоғары. Сондықтан экспорт көлемін ұлғайту және ауған нарығын тауарлардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету үшін Ауғанстанға транзиттік тасымалдаудың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс басталды.
«Бүгінде Түрікменстан өз аумағы бойынша жүк тасымалын дамытуға мүдделі және өз аумағы бойынша жеңілдікті транзиттік тариф ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн жөнелтудің балама бағыты болуы мүмкін екенін атап өтеміз. Осы мақсаттар үшін QazTrade шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы отандық тауарларды Болашақ станциясына дейін жеткізуді арзандатуға қолдау жасайды. Сонымен қатар, біз Ауғанстанға ұн мен астықты паритеттік негізде жеткізу үшін Өзбекстанмен арада елдеріміздің аумақтары бойынша транзиттік темір жол тасымалдарына жеңілдікті шарттар беру жөніндегі уағдаластықтарды нығайттық», — деді министр.