Димаш Құдайберген Діндер съезі делегаттарының алдында өнер көрсетті
13 қыркүйек күні «Астана Опера» театрында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің делегаттары мен қатысушыларына арналған концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің ресми өкілі Назым Жанғазинованың айтуынша, бір сахнада есімі әлемге әйгілі өнер майталмандары жиналды.
Олардың арасында Димаш Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жалтыргөзов, Бибігүл Жанұзақ, Нұрболат Арзамас, Жәмилә Жарқымбаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Жақсыкелді Маясаров, П.И.Чайковский халықаралық байқауының лауреаты Ақбике Алғи бар. Сондай-ақ шараға «Астана Опера» театрының хоры, балет труппасы мен симфониялық оркестрі, домбырашылар ансамблі, Мемлекеттік республикалық академиялық корей театрының би тобы, «Астана Опера» балалар хоры, «Астана балет» театры, «Астана сазы» ансамблі және басқа да бірқатар би ұжымдары қатысты.
Димаш Құдайберген көрерменге жаңа синглін ұсынды. «The story of one sky» («Бір аспанның хикаясы») әні адамдарды татулыққа үндейді. Әнші нәсілге, ұлтқа, дінге бөлінген халықтың бәрі бір планетаның перзенті және бір аспан астында өмір сүріп жатқанын айтады.
«Димаш бұл шығарманы жазуды 3 жыл бұрын бастаған болатын. Ұлым композицияға барынша жауапкершілікпен қарады, бар ынтасын салды. Жаңа туындының музыкасының авторы да өзі. Алғашында ізгілік пен татулықты тыңдарман бойына сіңіретін жыр жазу, халық бірлігін көрсету керек деген ой ғана болды», – деп атап өтті музыканттың әкесі Қанат Айтбаев жаңа ән туралы.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі осы уақытта елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр.