Қазақстанда шетелдік туристердің ағыны артып келеді. «eQonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, жыл басынан ел аумағына сырт мемлекеттерден 200 мыңға жуық саяхатшы келген. Негізінен көршілес Ресей мен Өзбекстан, сондай-ақ Түркия мен Қытай азаматтары. Алыс шетел туристері Ұлы даланың кереметтерін көруге асық. Қонақтар елмен етене танысуды елорда мен Алматы қалаларынан бастағанды жөн көреді. Олар біздегі ескі мен заманауи сәулеттің үйлесім тапқан жарасымды кейпіне тәнті. Көбіне көнеден тамыр тартқан тарихи ескерткіштерді қызықтап, қасиетті мекендерді аралауды қалайды. Келушілер саны бойынша Қызылорда және Маңғыстау өңірлері де көш басында.