ҚоғамСаясат

Түркия Елшісі көмек көрсеткісі келген қазақстандықтарды ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келген қазақстандықтарды ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бұл жерде тағы бір маңызды мәселені атап өту керек. Қазақстанда арнайы шот ашылды. Ол шотқа біздің елшілік жауап береді. Қазір Қазақстан тарапы да арнайы шот ашатыны туралы әңгімелер айтылып жатыр. Сондықтан үлкен өтінішіміз бар. Ақпаратты тек ресми көздерден ғана алсаңыздар екен. Өйткені түрлі адамдар бар, алаяқтық әрекеттер болуы мүмкін. Сондықтан тек ресми ақпаратқа сүйеніп қана шешім қабылдауды сұраймыз», — деді Елші Астанадағы елшілікте өткен брифингіде.

Сондай-ақ, Қазақстандағы Түркия елшілігі арқылы үш жерде көмек қабылданып жатқанын айтты.

«Біз гуманитарлық көмек қабылдауды жалғастырамыз. Астанаға жеткізілген көмек елшілікке жиналып жатыр. Сондай-ақ, ел аумағындағы өзге де өкілдіктерімізде көмек жинау орындары ашылған. Бұл – Алматы және Ақтау қалаларындағы бас консулдық тар. Қарапайым адамдардан бөлек Қазақстан Үкіметі де көмек беріп жатыр. Екі ұшақпен іздестіру-құтқару жұмыстарына құтқарушылар жіберілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы 1 млн доллар көлемінде шұғыл көмек беру туралы шешім қабылдағанын білеміз», — деді Уфук Екиджи

Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда үш қазақстандық іздестіріліп жатыр.

TuraNews

Back to top button