Мәдениет

Өзбекстанда мың жылдық тарихы бар Дамаск қылыштары табылды

Өзбекстанның Наманған облысында археологтер XI ғасырға жататын тарихи жәдігерлерді анықтады.

Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігінің хабарлауынша, Наманған облысындағы Ақсикент ескі қала орны аумағынан сирек тиындар, Қарахан дәуірінің көне қабырға суреттері және мыңжылдық Дамаск қылыштары табылған.

Қазіргі кезде мұражай қорында сақталған қабырға суреттері мен қыш ыдыстарды қалпына келтіру жұмыстарымен арнайы мамандар тобы айналысуда.

«Мың жыл бұрынғы атақты қылыштардың табылғанына және олардың отаны Ақсикент екеніне таң қалудан шаршамаймыз. Қытай деректерінде Ақсикент қаласының қақпасы алтыннан салынған деп жазылған. Жергілікті халық арасында бұл қақпа Сырдария өзенінің түбінде тұрып қалған деген аңыз бар. Бұл, әрине, тарихи деректерге негізделген», — дейді мамандар.

Ақсикент — Сырдарияның оң жағалауында, қазіргі Өзбекстанның Наманған облысы аумағындағы елді мекен. ІІІ – ІІ ғасырларда негізі қаланған Ақсикент 9 – 10 ғасырларда Ферғана алқабының астанасы және Орталық Азиядағы болат өндіретін орталықтардың бірі болды. Қала 1620 жылы жер сілкінісінен толығымен қираған.

 

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button