Жапон алаштанушысы Түркі академиясының жұмысымен танысты
Бүгін Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Физули Маджидли Жапонияның Хоккайдо университеті жанындағы Славян-еуразиялық зерттеу орталығының өкілі, алаштанушы ғалым Томохико Уямамен кездесті. Сондай-ақ кездесуге «Қоғамдық пікір» зерттеу институты директорының орынбасары Айнұр Мәжитова мен Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев қатысты, деп Turanews.kz Түркі академиясының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі жақты кездесуде тараптар түркология және алтаистика саласы бойынша ғылыми зерттеу бағыттары талқыланып, өзара ынтымақтастықты нығайта түсу жөнінде пікірлесті. Сонымен қатар, ғылыми жобалар мен негізгі жұмыс жоспары талқыланды. Академияға арнайы келген Т. Уяма Түркі музейімен және кітапхана қорымен танысты.
Профессор Т. Уяма Халықаралық Түркі академиясы жүргізіп отырған түркі әлемінің ғылыми интеграциясы бағытындағы жұмысын жоғары бағалап, арнайы қабылдау үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Академия президентінің міндетін атқарушы ілтипат білдіруге келген профессор Т. Уямаға алғыс айтып, Түркі академиясы мен Жапонияның ғылыми ұйымдарымен ортақ жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Ф. Маджидли мәртебелі қонаққа ұйымның Алаш Орда тарихына қатысты басып шығарған еңбектерін тарту етті.